Павлодарлық дәрігерлер реанимобильдің жабдықтарын көрсетті

6 Маусым 2024, 19:30
466
Бөлісу:
Павлодарлық дәрігерлер реанимобильдің жабдықтарын көрсетті
Фото: Облыстық жедел-жәрдем станциясының баспасөз қызметі

Павлодарлық дәрігерлер кәсіби мерекелері қарсаңында жедел-жәрдем көліктерінің қандай құралдармен жабдықталғанын көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі таңда 103 қызметінің көлік паркінде 109 реанимобиль бар. Олардың барлығы бірыңғай стандарт бойынша жабдықталған. Ал мамандар кез келген уақытта шұғыл медициналық көмек көрсетуге әзір.

Станция фельдшері Әсет Жұмалиевтің айтуынша, дәрігерлер бригадасын кез келген оқиға орнына шақыруы мүмкін.

Жұмыс ауысымына кіріскен кезде алдымызда қандай шақырту болатынын білмейміз. Жол-көлік оқиғасы, әйелдің босануы немесе есін жоғалтқан адамның өмірі үшін күресу. Оқиғалар сан алуан. Сондықтан, біз кәсіби және техникалық тұрғыдан дайын болуымыз керек. Мен шок бригадасында жұмыс істеймін. Бір тәулікте 25 шақырту түсуі мүмкін. Шақырту кезінде реанимобильдегі барлық құралды пайдаланамыз, - дейді фельдшер.

Мәселен, бүгін мамандар клиникалық өлім алдындағы науқастың өмірін сақтап қалды. Дәрігерлер ишемиялық жүрек ауруына шалдыққан 65 жастағы азаматқа 9 минуттың ішінде жетті.

Реанимобиль ішінде жансақтау шараларын жүргізуге арналған барлық құрал бар: дефибриллятор, оттегі баллондары, өкпені жасанды желдету аппараты және акушерлік жиынтық. Науқастың жүрек қағысын бақылау үшін мамандар арнайы мониторды пайдаланады. Жүрегі сыздаған пациентке шұғыл электрокардиограмма жасап, көрсеткіштерді онлайн режимде жазып алуға болады.

Ал тоқсары түсті жәшіктің ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған заттар бар. Чемоданның ішінде дәрілер, таңғыштар, спиртті майлықтар, шприцтер болуы мүмкін. Кей дәрілік препарат суық контейнерлерде сақталады, - дейді мамандар.

Өзгелердің жаңалығы