Павлодардан өзге өңірлерге 73 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

15 Сәуір 2024, 13:27
284
Бөлісу:
Павлодардан өзге өңірлерге 73 тонна гуманитарлық көмек жіберілді
Фото: Amanat партиясы облыстық филиалынан

Ертіс өңірінің белсенділері су тасқынынан зардап шеккен облыстарға барлығы 73 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Бүгін Петрропавл қаласына гуманитарлық жүктің кезекті легі жіберілді.

Жолға 20 тонна жүк тиелген төрт көлік шықты. Олардың барлығы түнгі уақытта діттеген жеріне жетеді деп жоспарланған.

Гуманитарлық жүктің ішінде ұзақ уақыт сақталатын азық-түлік, ауызсу, гигиеналық құралдар, бір реттік ыдыстар, жылы киімдер бар. Сонымен қатар тұрмысқа қажет күректер, жарықшамдар, мотопомпалар мен өзге де құрал-жабдықтар жиналды. Жүк жинауға халық қалаулылары, белсенділер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, жастар бірлестіктері атсалысты, - дейді Amanat партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Маликова.

Аймақта гуманитарлық көмек жинау орталықтары су тасқыны басталған сәтте ашылып, осы күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Олардың бірі жастар бастамаларын қолдау орталығында орналасқан. Волонтёрлер бұған дейін бірнеше рет гуманитарлық көмек жіберіп үлгерді.

Гуманитарлық көмек жинау сәуірдің бірінен бері жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Ақмола облысының бірнеше елді мекеніне көмек жолдадық. Өз облымысыздың ауылдарына да жөнелттік. Мәселен, бірінші кезекте Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылы тұрғындарына қажет заттарды жеткізіп бердік. Тұрғындарға қажет заттардың барлығы жаңа. Ал ертең Қостанай облысына кезекті гуманитарлық көмек жүгін жөнелтеміз, - дейді жастар бастамаларын қолдау орталығының директоры Ризат Рақымжанов.

Жүк көліктерін бүгін түнде Петропавл қаласына жеткізу жоспарлануда. Айта кетейік, облыс бойынша көмек жинау жұмыстарына 300-ден астам ерікті атсалысып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы