Павлодарда жылқы көрмесі өтті

8 Қазан 2022, 17:41
4557
Бөлісу:
Павлодарда жылқы көрмесі өтті
PHOTO
Фото: автордан

Жылқытанушылардың халықаралық конференциясынан соң Павлодар қаласы жанындағы "Құлагер» атшабарында етті-сүтті бағытындағы жылқы көрмесі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Республика көлемінде екінші рет, Павлодар облысында алғаш рет Республика бойынша етті-сүтті бағыттағы жылқы көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеге Ақтөбе облысы, Абай облысы, Қарағанды облысы, Ақмола облысы, ШҚО қатарлы өңірлерден өнімді жылқы шаруашылығын дамытып отырған шаруа қожалықтарынан жылқышылар қатысты. 

Шара барысында көрмеге жиналған халық мұғалжар, жабы, көшім тұқымдарымен қатар бестау, бесқарағай, қаба, «новоалтайский» типтерін тамашалады.

Павлодарда жылқы көрмесі өтті

Көрмеге жақында ғана Ақтөбе облысында өткен айтулы көрмеде бас жүлде алған Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы «Жансая» шаруа қожалығының Залқұла атты асыл тұқымды тұқымдық айғыры арнайы келді. Шаруа қожалығының басшысы Әлібек Базарғалиев жылқы шаруашылығын дамыту, оны бағып-күту, жылқы көрмелерін ұйымдастырудың қыр-сыры жайлы баяндап берді. 

Ақтөбеде өткен көрмеде Залқұла бас жүлдені алды. Қазір жасы – 13-те, 25 бие ұстайды үйірінде. Бағасын мен емес, жылқытанушы ғалымдар, қарапайым халық берген айғыр ғой. Қазіргі сәтте «супер-элита» дәрежесіне жетіп тұр – дейді жылқы шаруашылығының басшысы. Әлібекпен жасаған сұқбатымызды алдағы күндері оқисыздар.

Десе дегендей, Залқұла Павлодардағы көрмеде де Мұғалжар тұқымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.

Павлодар облысы Май ауданында соңғы жылдары бестау типін дамытуды қолға алған болатын. Жабы мен мұғалжарды будандастыру арқылы жаңа тип шығарып, соны дамытып келе жатқан «Ақжар-өндіріс» жауапкершілігі шектеулі серіктестік қожайыны Айтмұхамбет Қожабеков те бір құлынды бие мен бір айғырын жетелеп келіпті.

Павлодарда жылқы көрмесі өтті

Жылқы тұқымын асылдандыру басты мақсатымыз. Саннан сапаға өтетін кез келді. Сол бағытта жұмыс істеп келеміз. Бестау типін шығарып, соны дамытуға ккүш салып отырмыз – дейді бүгінгі көрменің Бестау типі бойынша жеңімпазы.

Абай облысында Бесқарағай деген аудан бар. Жері құнарлы, шымды, орманды алқап. Осы өңірде соңғы оншақты жылда қазақы жабы мен спорттық тұқымды будандастыру арқылы «Бесқарағай» типін дамытып отырған Мукин шаруа қожалығы жұмыс істеп келеді. 

Павлодарда жылқы көрмесі өтті

Бұл жылқының өзіндік ерекшелігі бар. Ол – қазақы жабыдан биік, аяқтары сом, тұрқы ұзын, күші мығымдығы. Соңғы жылдары Шойынқара атты аталық ізден жалғасып, Шомбал атты айғырдан тараған «Бесқарағай» типі күші мен сүті арқылы ерекшеленіп отыр. Қазіргі уақытта ауылшаруашылығы министрлігіне құжаттарын өткізіп, бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр – дейді осы шаруашылықпен жұмыс істеп жүрген жылқытанушы ғалым Қайрат Исхан.

Аптап ыстыққа да, қатты аяз бен омбы қарға да емін-еркін төтеп беріп, жыл онекі ай өз тамағын өз өзі тауып жейтін бесқарағай типі бойынша көрме жеңімпазы – Шон атты қара айғыр болды.

Павлодарда жылқы көрмесі өтті

Көрме соңы марапаттаумен одан кейін атшабарда өтіп жатқан көкпардан Павлодар облысы чемпионатының финалдық кездесуін тамашалаумен аяқталды.

Павлодарда жылқы көрмесі өтті
Өзгелердің жаңалығы