Павлодарда жаппай төбелеске қатысқан екі оқушы онлайн оқуы мүмкін

23 Тамыз 2023, 03:35
469
Бөлісу:
Павлодарда жаппай төбелеске қатысқан екі оқушы онлайн оқуы мүмкін
Фото: архив

Павлодарда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова жаңа оқу жылында екі оқушы онлайн оқуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ол сот шешімі шыққанға дейін кәмелетке толмаған жастарға қатысты нақты шешім қабылданбайтынын да нақтылай кетті.

Сот өткен соң шешімін айтатын боламыз. Тергеу жүріп жатқандықтан, қосымша ақпарат бере алмаймыз. Әзірге олар үйқамақта отыр, әрі қарай бұл сұрақтың шешімін іздейтін боламыз. Ол мәселені Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен прокуратурамен бірлесе отырып қарастырамыз. Бұл сұрақ барлық жақтан талданатын болады, – деді Гүлмира Баширова.

Оның айтуынша, білім басқармасы жаңа оқу жылында оларды қашықтықтан оқыту форматына көшіру үшін барлық жағдай жасалатын болады.

Айта кетсек, шілденің аяғында Павлодар көшелерінің бірінде жасөспірімдер арасында төбелес болған. 14 жастағы жасөспірім баланы бірнеше адам ұрып-соққан. Түрлі жарақаттармен оқушы ауруханаға жеткізілген еді.

Полиция департаменті ҚР ҚК 107-бабы 4-тармағының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі істі қозғаған. Кейін облыстық прокуратура оны ҚР ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігіне (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) ауыстырған болатын. Бүгінде осы іс бойынша кәмелетке толмаған екі күдікті үйқамақта отыр.

Өзгелердің жаңалығы