Павлодарда радикализмге қарсы тұруға үйрететін семинар өтуде

24 Маусым 2019, 21:34
1217
Бөлісу:
Павлодарда радикализмге қарсы тұруға үйрететін семинар өтуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда әртүрлі деңгейлердегі ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерін дін мәселелері бойынша даярлау және қайта даярлау бойынша төрт күндік курстар басталды. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

Республикалық деңгейдегі оқыту курсын Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдау көрсетуімен «Парасат» консультативтік-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Оқуға Павлодар және Қарағанды облыстарының әртүрлі деңгейдердегі ақпараттық түсіндіру топтарының 50-ден астам мүшесі қатысуда.

Курстың бірінші күні осы салада 25 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан маман, Павлодар облысы дін істері басқармасының басшысы Дәулет Зәкәриянов дәріс оқып, тыңдаушыларды өңірдің дін саласындағы жағдайымен таныстырды.

«Біз адамдарды ықпал етудің қуатты құралдарына ие болып отырған интернет арқылы уағыздаушыларға қарсы тұруға үйретулеріміз керек. Жастардың бойына деструктивті ағымдарғы қарсы тұрарлық иммунитетті дарыту керек. Олар саяси күштер дінді бүркеніп, адамдарды өз мүдделерін іске асыру үшін пайдаланатынын түсінулері қажет. Азаматтарымыз Қазақстанға тән емес діни ілімді қабылдағанда, өз өмірлерін ғана емес, қиратушы идеологияны жеткізуші екендерін айқын түсінулері керек», - деді Дәулет Зәкәриянов.

Спикердің айтуынша, ақпараттық-түсіндіру топтарының өкілдері діни саланың құрылымын біліп қана қоймай, заңнамалық базаны, түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынас жүйесін, олардың қызметтерінің ерекшеліктерін, Қазақстанда таралу тарихын жақсы игерулері керек. Бұдан басқа, қазіргі ахуалдан хабардар болып, осы салада, діни ұйымдар арасында болып жатқан үдерістерді білу қажет. Өйткені, әлемде болып жатқан саяси үрдістер Қазақстандағы жағдайға да ықпалын тигізері сөзсіз. Бүгінгі күні Сирияға және Иракқа соғысқа кетіп жатқан адамдардың абсолютті басым көпшілігі интернет арқылы жалданған.

Сондай-ақ, тарих ғылымдарының кандидаты, ПМПУ-дың тарих және ҚХА кафедрасының доценті Нұркен Күзембаев шешендік өнердің құпияларымен таныстырып, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларына үйретті.

Семинар барысында жоғары білікті мамандар Қазақстанның тарихы мен мәдениеті, саясаттану, дінтану, Ислам негіздері, православтық христиандық негіздері, протестантизм және жаңа діни ағымдар, психология бойынша лекциялар оқиды. Сондай-ақ болашақ лекторлар шешендік өнер негіздеріне үйренеді.

«Оқыту курсы барысында білімнің толық көлемін алған ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері тұрғындармен өткізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігі мен сапасын арттырады және экстремистік ағымдарға қарсы тұра алатын АТТ мәртебесін көтереді», - деді «Парасат» орталығының директоры Индира Беркімбаева.

Дін мәселелері бойынша лекторларды даярлау және қайта даярлау жөніндегі семинар төрт күнге созылады. Курс табысты аяқталған соң өңірдің АТТ мүшелеріне сертификаттар табыс етіледі.

Өзгелердің жаңалығы