Павлодарда көші-қон полициясы бөлімі бастығының орынбасарына қатысты сот үкімі шықты

27 Сәуір 2022, 02:30
1673
Бөлісу:
Павлодарда көші-қон полициясы бөлімі бастығының орынбасарына қатысты сот үкімі шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. № 2 қалалық сотта полиция басқармасы көші-қон полициясы бөлімі бастығының орынбасарына қатысты пара берушінің пайдасына қарай заңсыз әрекеттері үшін айтарлықтай мөлшерде пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Іс материалына сәйкес, ол 2021 жылғы 21 маусым мен 28 желтоқсан аралығында шетелдік азаматтан көші-қон заңнамасы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны және Қазақстан Республикасында уақытша тіркеу анықтамасын бергені үшін пара ретінде жалпы сомасы 162 000 теңге ақша алған.

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, құжаттық дәлелдемелермен және сараптама қорытындыларымен дәлелденді.  Прокурор айыпталушыға төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айыпталушы кінәсін мойындап, айыппұл тағайындауды сұрады. Пара алғаны үшін  ҚК 366-бабының 2-бөлігіне сәйкес заңмен негізгі жаза ретінде үш жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе айыппұл қарастырылған, - деп жазылған облыстық соттың баспасөз қызметінде. 

Жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды - кінәні толық мойындауын және залалды өтеуін, өкінуін, қылмыстық құқық бұзушылықтың белсенді түрде ашылуын, асырауында екі жас баланың болуын, оң мінездемелерін назарға ала отырып, үш жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды.

Сондай-ақ ол полиция капитаны арнаулы атағынан және өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы