Павлодарда ересектерге арналған инфекциялық аурухана бөлімшесі салынады

9 Маусым 2020, 15:10
1814
Бөлісу:
Павлодарда ересектерге арналған инфекциялық аурухана бөлімшесі салынады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығында жұқпалы аурулар ауруханасының ересектерге арналған бөлімшесі бой көтереді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ересектерге арналған емдеу мекемесі облыстық балалар ауруханасының жанындағы ғимаратта орналасқан. Жаңа ғимарат - уақыт талабы. Олқылықтың орнын толтыру үшін Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың аумағында 60 төсекке арналған бөлімше салынады.

Қазіргі уақытта құрылысқа арналған жеті мың шаршы метрлік жер дайындалып жатыр. Аумақ тазартылып, мердігер ұйым жұмысты бастауға әзірлік үстенді.
Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, жаңа нысанның құрылысына 1,3 млрд теңге бөлінген. Ведомствоның стратегиялық даму және инновациялық технологиялар бөлімінің басшысы Арман Исақаевтың хабарлауынша, болашақ ғимарат қолайлы аумақта орналасады. Себебі, инженерлік коммуникациялар дайын, жаңадан салуға тура келмейді.
Инженерлік коммуникация желілердің барлығы қолжетімді. Қосымша қаражат іздеуге тура келмейді. Нысан "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы" бойынша бой көтереді. Нәтижесінде құрылыс барысында 300-ден астам еңбекке тартылады. Екі қабатты ғимарат халықаралық стандарттарға сай салынады. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады, - дейді Арман Исақаев.

Айта кетерлігі, карантин режимі кезінде медицина саласында бірқатар түйіткілді мәселелердің беті ашылды. Нақтырақ айтқанда, маман тапшылығы көрініс тапты. Мәселен, облыста небәрі 30 эпидемиолог бар. Бұл аздық етеді. Тағы онға жуық инфекционист дәрігерге қажеттілік туындап отыр. Қазіргі уақытта алдыңғы шепте небәрі 15 инфекционист еңбек етуде. Олардың жастары 50-ге жақындаған. Сондықтан жас буын мамандарын тарту өзекті мәселе.

 

 

 

Өзгелердің жаңалығы