Павлодар қаласындағы №116 балабақшада тәрбиешілердің бірі балаларға күш көрсеткен. Бұл туралы бейнежазбалар әлеуметтік желіде тарап, қоғамдық резонанс тудырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Бақылау камераларынан алынған кадрларда балабақша қызметкерінің балаларды ұрып, шаштарынан сүйреп, еденге лақтырып жатқаны анық көрінеді. Ата-аналар бұл жазбаларды әлеуметтік желілерде жариялаған.
Оқиғаға байланысты Павлодар облыстық полиция департаменті "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Тергеу барысында оқиғаның нақты мән-жайы мен себептері анықталатын болады.
Сонымен қатар, балабақша басшылығының әрекеттеріне де құқықтық баға берілмек.
Қазір оқиға орнында Павлодар облысының Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шакенева жұмыс істеуде. Мәселе қоғамдық бақылауға алынды.