Павлодарда 2020 жыл "Ауыл кітапханаларының жылы" деп жарияланды

14 Қаңтар 2020, 07:46
2001
Бөлісу:
Павлодарда 2020 жыл "Ауыл кітапханаларының жылы" деп жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Павлодар облысында ауыл кітапханаларына айырықша көңіл бөлінбек, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Алдағы уақытта ауылдық кітапханалар 5 бағыт бойынша халыққа қызмет көрсететін болады: кітапханалық қызмет көрсету орталығы, әлеуметтік орталық, яғни, мемлекеттік қызмет көрсету пункті ретінде қолдану, әлеуметтік орталық ретінде ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің басын қосып, кеңесетін және жергілікті билік органдары үшін диалог алаңдары ретінде пайдалану, коворкинг орталығы (білім орталығы) ретінде халыққа қызмет көрсету.
Осылайша ауылдық кітапханалар тұрғындар үшін бірнеше бағыт бойынша қызмет көрсететін әмбебап орынға айналады. Аталған 5 бағыттың ауқымы кең. Мәселен, екінші бағыт бойынша ауыл тұрғындары жергілікті кітапханаға келіп e-gov.kz бағдарламасын меңгеруге әрі электронды нұсқада қызмет алу мүмкіндігіне ие болады, - деді С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова.

Сонымен қатар, ауыл кітапханаларында балалар мен жасөспірімдерге және егде жастағы адамдар үшін компьютерлік сауат ашу курстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға да кітапхана қызметі қолжетімді болады. Бұл орын аталған санаттағы азаматтар үшін рухани-мәдени қарым-қатынасты нығайтатын, қоғаммен етене байланысуға ыңғайлы демалыс орнына айналады.
Белгіленген бес бағыттың әрқайсысында осындай қоғам үшін маңызды мәселелер қамтылған. Аталған бастаманың негізгі мақсаты – елді мекен тұрғындарын кітапханаға тарта отырып, ауыл кітапханаларының қолданыс аясын кеңейту. Кітапханаларды тек бір ғана мақсатта пайдаланбай, бірнеше бағыт бойынша қызмет көрсетуге бейімдеу, - деді Шолпан Шахметова.

Айта кетейік, бүгінде Павлодар облысы бойынша 231 кітапхана жұмыс істейді. Оның басым бөлігі, яғни 201-і ауылдық жерде орналасқан.

Өзгелердің жаңалығы