Павлодарлық шенеуніктер кәсіпкерлерге берген жерін тартып алмақ

22 Ақпан 2019, 08:56
2036
Бөлісу:
Павлодарлық шенеуніктер кәсіпкерлерге берген жерін тартып алмақ

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің шенеуніктері «Үй жанындағы дүкен» жобасы аясында кәсіпкерлерге жалға берген жер учаскелерін тартып алмақ. Енді облыс әкімі мұрындық болған жоба уақытша тоқтатылып, бизнесмендерді далада қалдыруы ықтимал.

Айта кетейік, жоба облыс орталығында шағын және орта бизнесті дамытуды көздейді. Бұл бағытта кезінде газ тарату құрылғылары орналасқан жерлер босатылып, учаскелер кәсіпкерлерге жалға берілді. Жобаны іске асыруды орындаушы компания «Павлодар» ӘКК АҚ өкілдерінің мәліметінше, соңғы екі жыл ішінде 102 газгольдердің орны босатылып, 64 кәсіпкермен келісмшарт жасалған. 500-ден астам құрылғы қазылып алынып, саудаланды. Бүгінгі күнге дейін бірнеше сауда нысаны бой көтеріп үлгерді. Жыл басында қалалық прокуратура жобада олқылықтарды анықтап, 30-дан астам кәсіпкерге келісімшартты бұзу жөнінде ресми құжат таратқан.

Бизнесі тығырыққа тірелгендердің қатарында Тимур Әбілқасымов бар.

«Қазіргі уақытта екі дүкенім бар. Газгольдер болған жерді жалға алып, 200 мың теңгеден астам төлемін өтеп те қойдым. Қаланың екі жерінде екі дүңгіршек ашқым келген. Енді қиындық туындап қалды. Әкімдік өкілдері былығының нәтижесінде біз зардап шегіп жатырмыз», - дейді Тимур Әбілқасымов.

Жобаны орындауға «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жауапты. Мамандар кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мақсатында Павлодар қалалық жер қатынастары бөлімінің жерді босату жөніндегі ұсынысынан бас тартты. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін сот көмегіне де жүгінбек.

«Біздің тарапымыздан барлық міндет орындалды. Барлық әрекет заң жүзінде. Сондықтан, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға бармыз. Бүгінгі күні мәселені облыс әкімі деңгейінде шешпекпіз. Ресми хат жолдадық», - дейді «Павлодар» ӘКК АҚ бөлім басшысы Сәбит Маненов.

Жер дауына айналған мәселеге қатысты қала билігі мардымды жауап бере алмады. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Аян Бейсекиннің айтуынша, жобаны жүзеге асырудағы уақытша кедергілер бірнеше мемлекеттік органның келіспеушілігінен туындаған. Қазіргі уақытта жұмыс тобы құрылып, мәселені шешу жолдары қарастырылмақ. Шенеунік кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғауға да уәде берді. Оны уақыт көрсетер.

 

Ақмаржан Әділбек

Фото автордікі

 

 

 

Өзгелердің жаңалығы