Павлодар қалалық ауруханасы 14 күнге карантинге жабылды

11 Сәуір 2020, 16:01
1588
Бөлісу:
Павлодар қалалық ауруханасы 14 күнге карантинге жабылды
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығындағы №1 қалалық аурухана 14 күндік карантинге жабылды. Бұған дейін бір науқастан коронавирустық инфекция табылған. 

Нақтырақ айтқанда, 136 медициналық қызметкер мен 252 науқас қоғамнан оқшауланды. №1 қалалық аурухананың бас дәрігері Советхан Смақовтың хабарлауынша, бүгінде емдеу мекемесінің кіріс-шығыс жолдарының барлығы жабылып, ғимаратқа күзет қойылды. Ал ауру жұқтырған азаматпен байланыста болған мамандар карантиндік стационарға жабылды. Ал карантиндегі ақ желеңділердің барлығы коровирустық инфекцияға тест тапсырды.

135 маман тапсырған тесттер теріс нәтиже көрсетті. Терапиялық және өзге де бөлімшелерде ем қабылдап жатқан 20 пациенттің тесттері де теріс нәтиже көрсетті. Ал қалған сырқаттар байланыста болған жоқ. Олар біз үшін қауіпсіз. Тағы 280 медицина маманынан сараптама алынды. Олардың барлығы үйлерінде. Әзірге алғашқы 114 тесттің нәтижесі теріс сипатқа ие. Қалған 166 қызметкер тапсырған тесттің нәтижелерін күтудеміз, - дейді Советхан Смақов.

Карантинге жабылған ұжым демалыс орнымен қамтылған. Сала мамандарының айтуынша, азық-түлікпен қамтуда мәселе жоқ.

Айта кетейік, бүгінде Павлодардағы бірнеше көпқабатты үй карантинге жабылды. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның айтуынша, көпқабатты үйлерде ауыл халдегі қарттар немесе созылмалы ауруларға шалдыққан азаматтар жоқ. Қазіргі уақытта нысанның жанында полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр.

Карантиндегі екі үйде 200-ге жуық азамат тұрады. Олардың 30%-ы - кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Сонымен қатар, 60 жастан асқан 20 зейнеткер бар. Қалғаны ересек азаматтар. Оларға барынша қолда жасауға тырысамыз. Мәселелер туындаса, тездетіп шешуге тырысамыз, - дейді Светлана Гладышева.

Еске салсақ, Павлодар облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 9 дерегі тіркелді. Бір оқиға өліммен аяқталды. Ал бір науқас аурудан айықты.

Өзгелердің жаңалығы