Павлодар облысының орталығын Ертіс деп өзгерту ұсынылды

7 Қаңтар 2020, 14:02
2396
Бөлісу:
Павлодар облысының орталығын Ертіс деп өзгерту ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айзада Құрманова JEBE қоғамдық бірлестігімен кездесті. 

Мәжіліс депутаты бірлестік мүшелерімен еркін форматта кездесу өткізіп, қоғамдық мәселелерді талқылады. JEBE өкілдері қоғамдағы мәселелерді көтере отыра, бірқатар ұсыныстарын білдірді. JEBE ҚБ құрметті төрағасы Жұмабек Сманов облыс орталығының атауын Ертіс деп өзгертуді ұсынды.

Бұрын бір күнде 13 көшенің атауын өзгерту түсімізге де кірмейтін. Қазір етіміз үйренді. Бір көшенің өзіне үлкен дау туатын еді. Қазір аудандардан бір келгенде 70-100-ге жуық көшенің атаулары келеді. Мүлде өзгермейтіндей көрінетін бас көше – Кутузов та өзгерді. Бәрі кезең-кезеңімен ғой. Бір көшеге зар боп жүрген кезеңнен өттік. Енді облыс орталығын өзгертуге қадам басатын кез жетті. Тек бір мәселе бар. Бұдан бұрын көше атауларын өзгерту кезінде өзге ұлт өкілдері дау шығаратын. Енді олар көндігіп, өз арамызда ру-руға бөлінетін сәттер орын алуда. Бұған дейін облыс орталығына Тұзқала, Баянтау, Қимаққала деген сияқты атаулар ұсынылды. Кейбіреуер өз атасына бұрғысы келді. Біздің ұсынысымыз - "Ертіс" деп атасақ, оған ешкім ренжімейді. Қазір Павлодар қаласы, ауданы, ауылы да бар. Сол сияқты Ертіс қаласы мен ауданы, ауылы болса айып емес, - деді Жұмабек Сманов.  

Айзада Құрманова бірлестіктің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, бұл мәселенің күні келетінін атап өтті. 

Жұмыстарыңызды естіп, әлеуметтік желіден көріп жүремін. Жақсы жолда келе жатырсыздар. Оның бір дәлелі - сіздер бастаған "Мен қазақпын" әнін орындау челленджі. Ол елге жайылып, Президентіміздің өзі қолдау білдірді. Мақтанып отырамын. Құндылықтарымызды, ұлттық мінезімізді көрсетіп, насихаттап жүрсіздер. Өз ұстанымдарыңыз бар. Бұл деген – тәуелсіз Қазақстанымыздың жемісі. Павлодарда осындай азаматтардың болғаны қуантады. Облыс орталығының атауына келетін болсақ, оны аға буындарымыз да айтып жатыр. Бұл - орынды мәселе. Оған негіз де бар. Әлі де осы бағытта жұмыс жалғастыра беру керек. Бір күні өзгереді. Қазірдің өзінде Ертіс өңірі деп айтып жүрміз, - деді Айзада Құрманова.

Өзгелердің жаңалығы