Павлодар облысының кәсіпорындары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр

22 Сәуір 2020, 20:22
1683
Бөлісу:
Павлодар облысының кәсіпорындары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Карантин кезінде Ертіс өңірінің өнеркәсіп алыптарында өндірістік үрдіс бір сәтке де тоқтамаған. Шектеу шаралары кезінде мұнай-химия, металлургиялық және энергетикалық ошақтар жұмысын жалғастырулары шарт.

Карантин кезінде өндіріс ошақтарында сақтық шаралары күшейтілді. Коронавирустық инфекцияны алдын алу мақсатында дезинфекциялық шаралар жиі өткізіліп, зейнет жасына жеткен азаматтар мәжбүрлі демалысқа жіберілді.

Еске сала кетсек, карантин режимі шеңберінде облыс орталығында қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылды. Сәйкесінше, жұмысшыларды кәсіпорындарға жеткізу мәселесі туындады. Облыс әкімдігінің шешімімен автобустарды зауыттарға жалға беріп, жұмысшыларды жеткізу мәселесі шешімін тапты. Бұл өз кезегінде тағы бір күрмеулі проблеманың түйінін тарқатуға түрткі болды. Бұған дейін халықаралық рейстер уақытша тоқтатылғандықтан, жергілікті сапаржайдың 80-нен астам жүргізушісі жұмыссыз қалған еді. Енді олар зауытқа адам тасымалдайды.

Сақтықты күшейткендердің қатарында Алюминий зауыты бар. Түсті металлургия кешенінде 3 мыңнан астам маман еңбек етеді. Кәсіпорынға кірген жұмысшылардың температурасын тексеру үшін автоматты тепловизорлар орнатылып, санитарлық зоналар жасақталған.

Зауыт өкілі Серік Ахметовтің айтуынша, ғимарат ішінде маска режимі енгізілген. Өндірістік ұжым бір реттік бетперделермен күнбе күн қамтамасыз етіліп отырады.

Маманның темперутурасы көтерілсе, бірден бөлек бөлмеге апарамыз. Кейін мамандарды шақыртып, бақылауға аламыз. Қызметкерлеріміздің қауіпсіздігі үшін қолайлы жағдайлар жасалған, - дейді Серік Ахметов.

Энергетика орталықтары да карантин режимі кезінде жұмыстарын жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта облыста энергия тарататын компаниялар тобында 5 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бүгінгі таңда өндіріске қатысы жоқ 400-ге жуық "ақ жағалы" маман қашықтықтан жұмыс істеп жатыр. Ал 700-ден астам энергетик мәжбүрлі демалыста. Кәсіпорын әкімшілігінің хабарлауынша, карантин кезінде олардың жалақылары толық қамтылады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Павлодар облысында 25 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысаны жұмысі стейді. Сонымен қатар, 9 жүйеқұраушы кәсіпоран бар. Олар штатты режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі күнге дейін бірде бір маман қысқартуға ұшыраған жоқ.

Өзгелердің жаңалығы