Павлодар облысындағы ауыл халқы өзен суын ішуге мәжбүр

13 Мамыр 2022, 20:14
2136
Бөлісу:
Павлодар облысындағы ауыл халқы өзен суын ішуге мәжбүр
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар ауданына қарасты Набережное ауылының тұрғындары екі ай бойы таза ауызсуға жарымай отыр. 

Тұрғындардың айтуынша, орталық станциядан таратылатын су кесте бойынше немесе күніне бірнеше сағатқа ғана беріледі. Жұмысбасты азаматтар су қорын дайындауға үлгермей қалып жатыр. Ал ауладағы құдық су ішуге жарамсыз. Сол себепті Ертіс өзенінің суын тұтынуға мәжбүр.

Өткен жылы ауызсу тапшылығы болған жоқ. Суымыз күндіз-түні беріліп тұрды. Бақшаны суаруға арналған тіршілік нәрі де кедергісіз берілді. Биыл жағдай өзгеше. Аулаға салған көкөністеріміз бен жидектеріміз кеуіп қалды. Өзеннен күнбе күн арбалап су тасуға тура келеді. Ертіс арнасына барып келу үшін 40-45 минут кетеді, - дейді тұрғындар.

Павлодар облысындағы ауыл халқы өзен суын ішуге мәжбүр

Набережное ауылында 1700-ден астам тұрғын бар. Осыдан үш жыл бұрын орталықтандырылған су жүйесі іске қосылып, бұл игілікке мемлекет бюджетінен 560 млн. теңге бөлінген. Тұрғындардың көбі  қомақты қаражат жұмсап, үйлеріне су құбырып тартып алған. Техника сатып алуға да қаржы жұмсаған. 

Облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының бөлім басшысы Дәурен Қуанышевтың айтуынша, бұған дейінгі қызмет көрсетуші ұйым міндеттерін толық орындамағандықтан, келісімшарт бұзылды. Сонымен қатар, кадр мәселесі туындады. Сол себепті станция жұмысы анда-санда тоқтап тұр.

Сорғы станциясында жұмысшы тапшы. Үш опертордың біреуі ғана қалған. Жалақы аз болғандықтан, жұмыстан шығып кеткен. Қазіргі уақытта мәселені шешуге тырысып жатырмыз, - дейді Дәурен Қуанышев.

Павлодар облысындағы ауыл халқы өзен суын ішуге мәжбүр

Ауылдық округ әкімі Виталий Бруцкийдің хабарлауынша, алдағы аптада екі маман жұмысқа қабылданады. Кейін станция жұмысы ретке келтіріледі. 

Жауапы мекеме мамандарының мәліметінше, бүгінгі таңда облыстағы  352 ауылдың 193-де орталық су жүйесі бар. Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендерде 218 мыңнан астам азамат тұрады. Олардың 200 мыңнан астамына сапалы су қолжетімді. Өткен жылы халықты сумен қамту бойынша 20 жоба жүзеге асырылса, биылғы жылы 27 жоба қолға алынбақ. 

Өзгелердің жаңалығы