Павлодар облысында төрт мешітте жолаушылар үйі ашылды

2 Наурыз 2021, 22:40
1829
Бөлісу:
Павлодар облысында төрт мешітте жолаушылар үйі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚМДБ тарапынан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай исламдағы бауырмалдықты нығайту мақсатында күре жол бойында орналасқан мешіттерге сапардағы кісілерге арналған бөлме ашып, жабдықтауға тапсырма берілген, деп хабарлады Рavlodarnews.kz.

Осы тапсырмаға орай Павлодар облысына қарасты төрт мешітте жолаушылар үйі ашылды. Олар - Аққулы аудандық  Ғабдул Уақит хазірет мешіті, Ертіс аудандық  Ержан мешіті, Тереңкөл ауданы  Береговое аулының мешіті және Павлодарское аулының Қасым қажы мешіті.  Бұл мешіттер күніне жүздеген жолаушылар әрі-бері ағылып жататын Семей - Омбы трассасы бойында  және  Ертіс дариясының келесі жағалауы арқылы Ресейге шығатын үлкен жолдың бойында орналасқан.

Мешіттерде ашылған жолаушылар бөлмесінде жолаушылардың тынығып алуына барлық жағдай бар. Жолаушыларға мешіттегі  арнайы бөлмеге орналасып бір сәт тынығып, дәрет алып, сапар намазын оқып, ыстық шәй қайнатып ішіп немесе жеңіл сусын, жеңіл ас мәзірімен тамақтанып алуға болады. Шаршауын басып, мүмкін аздап мызғып алғаннан кейін әрі қарай сапарын жалғасыра береді. Тіптен көлігі бұзылып далада қалып жатса, түнеп кетуіне де болады. Мәселен, Ертіс ауданы мешітіндегі бөлме үш адамға арналған. Мұндай ізгі шараларымыз көптің көңілінен шығатыны  сөзсіз, - дейді облыс бас имамы Жолас Қоспақұлы.
Алыс жолдан шаршап, шалдығып келе жатқан жолаушыларға қол ұшын беру, оларды тынықтырып демалдырау, тамақ-сусын ұсыну, тынығып алуына  мүмкіндік жасау - исламдағы сүннет амал, сонымен қатар дала  дәстүрінің мызғымыс ережесі. Сондай-ақ дәстүрін дінмен ұштастыра білген халқымыздың ежелгі  ұстанымы.


Өзгелердің жаңалығы