Павлодар облысының Солнечный кенті маңындағы жасанды су айдынында жоғалып кеткен 16 жастағы жасөспірімді іздеу екінші күнге жалғасуда. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құтқарушылардың мәліметінше, жасөспірім 4 шілде күні сағат 16:10 шамасында жоғалып кеткен. Іздеу жұмыстары Шандықсор су қоймасында жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, бұл аумақта шомылуға тыйым салынған.
Іздеуге Павлодар облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының 6 маманы, 2 техника, 2 жүзу құралы мен эхолот құрылғысы жұмылдырылды.
Іздеу жұмыстары ауа райының қолайсыздығымен күрделене түскен. Қатты жел мен жоғары толқындар жұмыстың қарқынына кері әсер етуде. Соған қарамастан, сүңгуірлер су астына түсу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қазіргі уақытта құтқару операциясы тоқтаусыз жалғасуда. Жасөспірімнің тағдыры әзірге белгісіз.