Павлодар облысында шыбын-шіркеймен күреске 70 мың келі препарат әкелінді

6 Сәуір 2022, 19:14
1424
Бөлісу:
Павлодар облысында шыбын-шіркеймен күреске 70 мың келі препарат әкелінді

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріне шыбын-шіркейді улауға арналған биологиялық препарат жеткізілді. Биыл жәндік көптеп тіршілік ететін аумақтарды өңдау үшін «Бактицид» құралының 70 мың келісі қолданылады.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мамандарының айтуынша, дезинсекциялық препарат ретінде тағы 2300 литр химиялық сұйықтық пайдаланылмақ.

Алдымен биологиялық препарат жеткізілді. Себебі, бірінші кезеңде қансорғыш жәндіктердің дернәсілдеріне қарсы жұмыстар басталады. «Бактицид» құралымен облыстағы 27 мың гектардан астам аумақ өңделеді. Бұл жерлерге Ертіс өзенінің жайылымы, шағын көлдер жатады. Ертіс өзенінің негізгі арнасы да өңделеді. Бас-аяғы 1300 шақырымына ерітінді құйылмақ. Бұл өзеннің акваториясында тіршілік ететін балықтар мен өсімдіктерге зиян келтірмейді, - дейді басқарманың бөлім басшысы Мақпал Лепесова.

Жалпы, қансорғыштарға қарсы улау шаралары үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Күрес шаралары жерде, әуеде және өзен суында жүргізіледі. Жәндіктер қанатқа тұрып кетсе, барьерлік әдіс іске қосылады. Улау жұмыстарының кезеңдерін фенологиялық зерттеу нәтижесі белгілейді. Бақылау жұмыстары келесі аптада басталмақ.

Өзгелердің жаңалығы