Павлодар облысында саяқ шегіртке қаптауы мүмкін

23 Мамыр 2024, 17:43
252
Бөлісу:
Павлодар облысында саяқ шегіртке қаптауы мүмкін
Фото: BAQ.KZ -архив

Ертіс өңірінде саяқ шегірткеге қарсы 100 мың гектарға жуық егістік алқабы өңделеді. Деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Сала мамандарының айтуынша, биыл өсімдік алқаптарына қауіп төндіретін жәндіктер көптеп шығуы мүмкін. Сондықтан, шегірткелерге қарсы күрес жұмыстарына 138 млн теңге бөлінді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Ерғанат Әубәкірдің мәліметінше, алқаптардағы өңдеу жұмыстары мамыр айының соңында басталады.

Қазіргі уақытта өңдеу шараларына дайындалып жатырмыз. Жұмыстарды бастау мерзімі ауа райының салқындығына байланысты шегерілді. Саяқ шегірткелермен күресу үшін үш мың тонна пестицид сатып алынды. Осы күнге дейін алқаптарды өңдеумен айналысатын екі мердігер ұйым анықталды. Сепкіш құралдар мен жабдықтар, сонымен қатар, мамандар жасағы дайын тұр. Былтыр қауіпті жәндіктерге қарсы топырақты өңдеу жұмыстары 16 мың гектарда жүргізілген, - дейді бас маман.

Өткен жылы мемелкеттік қордағы егістік алқаптары ғана химиялық өңдеуден өткен. Биыл осындай шаралармен шаруа қожалықтарына тиесілі жерлер де қамтылады.

Айта кетейік, Павлодар облысының даласында саяқ шегірткелердің бір түрі, «Итальяндық прус» қана тіршілік етеді. Жәндіктер әдетте ауыл шаруашылығы дақылдарымен қоректеніп, өсімдіктерді жойып жіберуі мүмкін. Сондықтан, олармен күресудің ең тиімді жолы химиялық өңдеу болып табылады.

Зиянкестердің жаппай таралуы соңғы рет пандемия жылдары тіркелген. Үш жыл бұрын Павлодар, Тереңкөл аудандары мен Ақсу ауылдық аймағының фермерлері зардап шеккен, өңдеу нәтижесінде жәндіктер айтарлықтай азайған. Көпжылдық бақылау жұмыстарының нәтижелеріне сүйенсек, облыста шегірткелер әр он жыл сайын дамып, күрт көбейеді.

Өзгелердің жаңалығы