Ертіс өңірінде онкологиялық аурулардан келетін өлім-жітім көрсеткіші 30%-ға азайған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Мамандардың айтуынша, бұл бес жыл бойы кешенді жоспар аясында атқарылған жұмыстың жемісі. Осы уақыт аралығында облыстық онкологиялық диспансердің жаңа ғимараты бой көтеріп, алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялар енгізілді.
Облыстық диспансердің директоры Мұрат Сүлейменовтың айтуынша, бес жыл ішінде онкологиялық қызмет қарқынды дамыды.
Біз үш жыл бұрын жаңа ғимаратқа кірдік. Операциялық қызметтер, радиология бөлімшелері қажетті құралдармен жабдықталды. Барлық бөлімше модернизацияланды. Дәрігерлеріміздің саны да артты. Бүгінде ақ желеңділердің біліктілік деңгейі 96%. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Жалақылары жыл сайын артып отыр, - дейді Мұрат Сүлейменов.
Соңғы екі-үш жылда Павлодар облысы қатерлі обырдың таралуы бойынша көшбасшы облыстар қатарында. Медицинадағы инновациялық әдістердің енгізілуі мен ерте диагноистика жасаудың нәтижесінде дертке шалдыққан азаматтардың өмірі орташа есеппен бес жылға ұзарған.
Мамандардың мәліметінше, бір жылда 1400 ота жасалады. Олардың бір бөлігі аз инвазивті тәсілдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде науқастар бірнеше күн ішінде қалыпқа келіп, аяққа тұрып кетеді.
Бұл, біріншіден, дәрігерлердің еңбегі. Екіншіден, дәрілік препараттармен толық қамтылудың арқасында. Науқастарымыздың өмірі ұзарады. Енді үш жылдық кешенді жоспар шеңберінде басқа мақсаттар тұр. Атап айтқанда, онкологиялық қызмет көрсететін медициналық ұйымдарды құралдар, кадрлармен қамту. Материалдық базаны жақсарту міндеті тұр. Мәселен, біздің мамандар Оңтүстік Корея, АҚШ, Ұлыбританияда оқып келді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, - дейді Мұрат Сүлейменов.
Еске сала кетсек, бүгінде 13 мың адам есепте тұр.