Павлодар облысында блоктық бюджет элементтері енгізіле бастады

27 Желтоқсан 2023, 18:29
468
Бөлісу:
Павлодар облысында блоктық бюджет элементтері енгізіле бастады
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Бұл қалалар мен аудан әкімдеріне көптеген өзекті мәселелерді жергілікті жерлерде дербес шешуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тиісті тапсырма берген болатын. Жалпы облыс 2023 жылы алға қойылған міндеттерді қалай орындағаны туралы ОКҚ өтіп бара жатқан жылдың қорытындысы бойынша еліміздің өңірлерімен бірлесіп дайындаған жоба аясындағы кезекті материалда.

Павлодар облысының 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері

Павлодар облысында электр энергиясының 42,5%-ы және елдегі көмірдің 60%-ға жуығы өндіріледі.

Тартылған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,2%-ға өсіп, 730,1 миллиард теңгені құрады.

Өңірлік биліктің пысықтауында 9,7 мың жаңа жұмыс орындарын құрумен 2,1 триллион теңге сомасына 127 инвестициялық жобалардың пулы бар.

2023 жылы  28,6 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 21,1 мыңы жеке бастамалар аясында ашылды. Бұл шамамен 73%-ды құрайды.

Ұлттық жобалар аясында 195 жоба іске асырылды.

Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін жылдық 2,5% несие алған 168 жас өз ісін ашты.

2023 жылы өңірде шағын және орта бизнесті, оның ішінде ауылдық жерлерде дамытуға басты назар аударылды. Енгізілген жобалардың қатарында Ақсу қаласындағы көкөніс сақтау қоймалары, Успен ауданындағы астық сақтау қоймалары мен астық кептіргіш, облыстың аудандарындағы суару жүйелері, құс фабрикасын кеңейту, Маралды көлін абаттандыру бар. Биылғы жылы облыста жалпы сыйымдылығы 65 мың тоннаны құрайтын 6 көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды.

Ауыл шаруашылығы: фермерлерді қолдау жөніндегі шаралар кешені қабылданды

Ауа райының қолайсыздығына байланысты ағымдағы маусым диқандар үшін оңай болған жоқ. Осыған орай, облыста шаруаларды қолдау жөніндегі кешенді шаралар қабылданды. Атап айтқанда, фермерлердің жемшөп сатып алуға жұмсалатын шығындарын арзандату үшін жергілікті бюджеттен 3 миллиард теңге (1,5 мыңнан астам мал өсіруші мемлекеттік қолдау алды), инвестициялық шығындарды, тұқымдарды, пестицидтерді, минералды тыңайтқыштарды, асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша тұқымдық және селекциялық жұмыстарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 6,8 миллиард теңге бөлінді. Шөп шабу үшін арзандатылған дизель отынының көлемі 4-тен 10 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. «Павлодар» АШӨК жанынан малды байлап бағу кезінде халыққа сату үшін 5 мың тонна көлемінде жемдік астықты тұрақтандыру қоры құрылды. Облыстың 38 қожалығы құрғақшылыққа байланысты 1,3 миллиард теңге көлемінде сақтандыру төлемдерін алды.

Жалпы егістік алаңы 1,65 миллион га-ны құрады, бұл өткен жылғыдан сәл артық.

Суармалы жерлер ауданы 15,8 мың га ұлғайып, 166 мың га жетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 200 шағын несие беріліп, 350 жаңа жұмыс орны құрылды, 3 мыңнан астам шаруа мемлекеттік қолдаумен қамтылды.

2023 жылы қайтарылған 283,3 мың га жердің 83,2 мың га пайдаланылуда, оның 30 мың га жайылымдық жер ауыл тұрғындарының қажеттілігіне берілді.

497 ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі беріліп, 35 конкурс өткізу арқылы 339,5 мың га жер ауылшаруашылығы айналымына енгізілді.

Білім беру және денсаулық сақтау салалары: 2023 жылдың негізгі оқиғалары

Биыл Железин, Баянауыл және Павлодар аудандарында 3 ауылдық мектеп салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 білім беру нысанының құрылысы басталды.

Сонымен бірге, 54 мектеп толығымен жаңартылды, ауылдардағы шағын жинақты мектептердің балаларына арнап 46 автобус сатып алынды.

Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалардың оқу жағдайын жақсарту үшін 5 мектепке жаңа талаптарға сай құрал-жабдықтар сатып алынды.

1-4 сыныптардың 44,8 мың оқушысы ыстық тамақпен қамтылған. Қосымша білім беруге қаражат бөлінді: шамамен 3330 мектеп оқушысы оны әртүрлі бағыттар бойынша алу мүмкіндігіне ие.

Денсаулық сақтау саласында да жаңалықтар аз емес. Биыл 4,4 миллиард теңгеге 20 денсаулық сақтау объектісі күрделі жөндеуден өтіп, 400 бірлік медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Жаңа техниканың ішінде 164 қиығы бар компьютерлік томограф, ФЛЮКАР рентгенографиялық жылжымалы кешені, 4 рентгендік жүйе, 5 ӨЖЖ аппараты, 10 УДЗ аппараты, 3 наркоздық-тыныс алу аппараты, 2 көлік кювезі, т.б. бар.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында 30 медициналық объектінің құрылысы жүргізілуде.

Көлік және логистика, ТҮКШ

Көлік және логистика саласында елді мекендердегі автокөлік жолдары мен көшелерді қайта жаңғырту және жөндеу бойынша 141 жоба іске асырылды. Барлығы 692 километр жол жөнделді.

Құрылыс және ТҮКШ да жоғары қарқынмен дамуда. Облыстың 3 қаласында 1,5 мыңнан астам пәтер салынып, 128 километрден артық жылу желісі тартылып, жөнделді.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 35 мың тұрғыны бар 26 ауылдың инфрақұрылымы жаңартылды.

Жаңа жыл қарсаңында павлодарлықтарды жақсы жаңалық күтіп тұр. Әкімдіктің хабарлауынша, желтоқсан айының соңында «Сарыарқа» шағын ауданында 468 пәтерлік жалпы ауданы 28,5 мың шаршы метр болатын 5 үйдің құрылысы аяқталады. Осылайша, қала 3500-ден астам пәтері бар 42 көпқабатты тұрғын үйден тұратын ықшам ауданды салуды толығымен аяқтайды.

Павлодар өңірінің жыл қорытындысы осындай. Келер жылы көптеген жобалар іске асырылмақ. Олардың кейбіреулері үшін блоктық бюджет тетігіне сәйкес қаражат бөлінді. Жаңа тәсілге сәйкес 2024 жылға арналған бюджетті облыс қалалары мен аудандарының әкімдері 200-ден астам жоба бойынша өздері жоспарлады. Алдағы жылдың блоктық бюджеті бойынша облысқа 8 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жобалардың қатарында ауыл, аудан, қала тұрғындары көтерген мәселелерді шешуге бағытталған жобалар бар. Оның ішінде көшелер мен ауылішілік жолдарды, байланыс желілерін және ауыл клубтарын жөндеу, балалар және спорт алаңдарын орнату, саябақтарды абаттандыру, т.б. бар.

Өзгелердің жаңалығы