Павлодар облысында қар қоры нормативтік көрсеткіштен 25%-ға артық – мамандар

10 Наурыз 2020, 18:39
1060
Бөлісу:
Павлодар облысында қар қоры нормативтік көрсеткіштен 25%-ға артық –  мамандар
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде биылғы қыста түскен қар қоры нормативтік көрсеткіштерден 25%-ға артық. Дәл осындай көрсеткіш үш жыл бұрын тіркелген.

Мамандардың хабарлауынша, 2017 жылы жеті тұрғын үй мен 27 аула су астында қалған. Сонымен қатар, қар көп жиналған жол учаскелеріне қауіп төнген. Облыспен көршілес аймақтардағы қар қоры да жылдағы көрсеткіштерден көп. Мәселен, Ақмол облысындағы
Сілеті өзенінде ылғал қоры орташа көпжылдық көрсеткшітен 20-70%-ға артық, ал Шығыс Қазақстан облысымен шекаралық жерлердегі Ертіс өзеніндегі су қоры 30%-ға көп.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметінше, су тасқынына қарсы жоспар әзірленген. Нақтырақ айтқанда, қызыл сумен күрес жұмыстарына 28 мыңнан астам құм толтырылған қап, 10 600 тонна инертті материал мен 108 тонна жанар-жағармай
дайындалған.

Күш құрылымдары мен құралдар әзір. Су тасқыны болған жағдайда күрес жұмыстарына 2 мыңнан астам адам мен 600-ге жуық техника жұмылдырылуы мүмкін. Бүгінде гидронысандардың жағдайы тексеріліп, тазаланып жатыр. Облыс аумағында 109 су шаруашылығы объектісі бар, олардың 101-і республикалық меншікте. Сонымен қатар, 530 су өткізгіш құбыр қардан тазартылды, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов.

Айта кетейік, бүгінде аймақта су басуы ықтимал 30-дан астам елді мекен бар. Синоптиктердің болжамынша, наурыз айында күн үш фаза бойынша жылиды. Бірақ, күннің күрт жылынуы тіркелмеуі тиіс.

Өзгелердің жаңалығы