Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ақсу ауылдық аймағына қарасты Айнакөл елді мекенінде ұзақ жылдар бойы жауыр болған су мәселесі шешімін табады. Алдағы уақытта орталықтандырылған ауызсу жүйесі бойынша жоба жүзеге асырылады.
Алғабас ауылдық округіне қарасты Айнакөл ауылында 600-ден астам тұрғын, 200-ден астам аула бар. Бұған дейін су жүйесі салынып, құбырлар да тартылып қойған. Алайда жергілікті билік өкілдері бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында жобаға өзгертулер енгізген. Нәтижесінде біртұтас ауыл көршілес жатқан Ленин кентінің су құбырына қосылған.Бастапқыда жобаны жүзеге асыруға 400 млн теңге бөлінген. Аяқталмаған соң, тұрғындар қазіргі уақытта тіршілік нәрін кесте бойынша алып жатыр. Су күніне бірнеше сағатқа беріледі.
Ауылдық округ әкімі Амангелді Рүстемовтің мәліметінше, жаз мезгілінде тұрғындар күніне 150 текше метр су тұтынады. Бұл қыс мезгіліндегі көрсеткіштен 5 есе артық. Сондықтан, суды уақытша кесте бойынша беру туралы шешім қабылданған.
Бұл жобаның тапсырыс берушісі - Ақсу қалалық құрылыс бөлімі. Мәселе алдағы уақытта шешілуі тиіс. Әзірге кесте бойынша беріп тұруға мәжбүрміз, - дейді Амангелді Рүстемов.Құрылыс бөлімі мамандарының хабарлауынша, Айнакөл ауылындағы жоба 2018 жылы жүзеге асырылған. Жоба аясында 20,7 шақырымдық су құбыры тартылды.
Ленин кентінде сорғы станциясының тәуліктік қуаттылығы 3560 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, бес ұңғыма мен екі таза су резервуары бар. Бұл жеткілікті. Сондықтан, бұл желіге Айнакөл ауылдық округінің инфрақұрылымын қостық. Елді мекенді сумен үздіксіз қамту үшін сорғы станциясын салу жобасы әзірленді. Бүгінде құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтуге тапсырылды. Жоба шеңберінде ұңғымаға су босататын станция мен тазарту станциясын салу жоспарланған. Оның құны - 175 млн теңге, - деп хабарлады Ақсу қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Асхат Омаров.
Алдағы уақытта жауапты органдарға бюджеттік өтініш жолданады.