Павлодар облысы әкімі жазғы резиденциясының сатылуы заңсыз деп танылды

8 Маусым 2023, 18:04
685
Бөлісу:
Павлодар облысы әкімі жазғы резиденциясының сатылуы заңсыз деп танылды

Облыстық мамандандырылған экономикалық соты облыс әкімі жазғы резиденциясының сатылуын заңсыз деп танып, элиталы демалыс үйін мемлекетке қайтаруды талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Тексеріс нәтижесінде нысанның жекенің қолына сатып жіберу заңсыз болғаны анықталды.

Облыстық сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, экономикалық сот облыстық қаржы басқармасының резиденцияны сату келісімшартын заңсыз деп тану талабын қарастырды.

Мемлекеттік мекеменің талабы мемлекеттік мүлікті сату заңнамалық тыйым салуға қайшы келетініне қатысты болды. Мемлекеттік жер пайдаланушының өзіне тиесілі жер пайдалану құқығын иеліктен шығаруға құқығы жоқ. Демалыс үйі жекешелендіруге жатпайды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері мемлекеттік жер пайдаланушының иелігінен шығып, кейіннен жекенің қолына берілді. Жеке кәсіпорын кейін нысанды өзге ЖШС-не берген. Сот сатып алу-сату шартын жарамсыз деп таныды, - деп хабарлады сот өкілдері.

Сот барысында өңірдің бұрынғы басшысы Болат Бақауов Баянауыл ауданы Жасыбай көлінің жағасындағы резиденция ғимаратын жеке кәсіпорынға сенімгерлік басқаруға бергені анықталды. Ал екі жылдан кейін сол жеке кәсіпкер демалыс базасын 161 млн теңгеге сатып алды. Кейін резиденция элиталы демалыс базасына айналды. Бүгінде жұмыс істеп тұр.

Тексеріс кезінде табиғат қорғау прокуратурасы нысанның бағасы тым арзанға сатылғанын анықтады. Нәтижесінде облыстық қаржы басқармасы сотқа шағым түсірген.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы