Павлодар агрономдары алма ағаштарын күтіп-баптаудың әдістемесін әзірледі

16 Маусым 2021, 16:45
1920
Бөлісу:
Павлодар агрономдары алма ағаштарын күтіп-баптаудың әдістемесін әзірледі
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі инновациялық аграрлы-техникалық колледждің оқытушылары алма ағаштарын күтіп-баптаудың әдістемесін әзірледі. Колледж аумағында бірнеше жыл бойы «Алма бағы» жобасын жүзеге асыруда. 

Колледж студенттері мен оқытушылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде екі жыл бұрын 200 ағаш отырғызған. Алғашқы өнім де алынып үлгерді. 

Оқу орнының оқытушысы Айдана Дүйсеннің айтуынша, бүгінде жемістің «Айдаред», «Голден Делишес» және «Семиренко» сұрыптары өсіп тұр. 

Жоба аясындағы жоспар - 2027 жылға қарай мол өнім алу. Бұл іске студенттеріміз жұмылдырылуда. Тәжірибе жинақтап, білімдерін молайтады. Сонымен қатар ағаштарды күту, емдеу әдістерін де үйренеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды атқару үшін техникалық әлеуетіміз жеткілікті. Әзірге алынған өнімімізден тосап қайнатып, компот жасаймыз. Колледждің асханасында әзірлейміз, - дейді Айдана Дүйсен. 

Агрономдар алма сұрыптарын жергілікті климаттың ерекшеліктеріне орай таңдаған. Алдағы бірнеше жылда сапалы жеміс алу үшін тыңғылықты жоспар әзірленген. Сонымен қатар арнайы схема жасалған. Алдағы уақытта мамандар тамшылатып суару жүйесін енгізуді жоспарлауда. Бұл жүйе арқылы өсімдіктерді арамшөптерден қорғау мақсатында арнайы ерітінді құйылмақ. Студенттер алмаларды кеміргіштерден қорғаудың өз әдісін де ойлап тапқан. Кеміргіштер ағаштың түбін жемеу үшін пластикалық бөтелкелер пайдаланылады. 

Павлодар агрономдары алма ағаштарын күтіп-баптаудың әдістемесін әзірледі

Теория бір бөлек, тәжірибе бір бөлек қой. Сондықтан осындай бақтың өсірілу студенттеріміз үшін тиімді болмақ. Оқу үрдісі барысында теориялық білімдерін бекітіп алады. Алма ағаштары - тыңғылықты күтуді талап ететін өсімдіктер. Мәселен алғашқы жылдары суарумен шектелуге болады. Кейін тыңайтқыштар мен өзге құралдарды іске қосамыз. Оқытушыларымыз ағашты күтіп-баптаудың «Жас бақшашы» атты нұсқама шығарды. Бұл әдістемелік құралды қала тұрғындары мен студенттерге таратамыз, - дейді оқытушылар. 

Студенттер ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай колледж аумағында 30 қарағай отырғызды. Келешекте оқу орнының аумағы алмалы және қарағайлы баққа айналмақ.

Өзгелердің жаңалығы