- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Астанада балаларға арналған тегін спорт секциялары қаншалықты қолжетімді?
Астанада балаларға арналған тегін спорт секциялары қаншалықты қолжетімді?
Футбол, волейбол, баскетболдан бастап, жүзу мен ұлттық спорт түрлеріне дейінгі үйірмелерге қалай жазылуға болады?
6 Қараша 2026, 16:33
Астанадағы мемлекеттік мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарында балаларға арналған 1 300-ден астам үйірме мен секция жұмыс істейді. Олардың қатарында футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, теннис және ұлттық спорт түрлері бар. Ал мемлекеттік тапсырыс аясында қосымша білім беру ұйымдарындағы секцияларға ваучер арқылы қатысуға болады. BAQ.KZ редакциясы елордадағы тегін спорт үйірмелерінің қолжетімділігін зерттеп көрді.
Астанада балалардың спортпен тегін айналысуына қандай мүмкіндіктер бар? Олар секцияларға қалай жазылады және ваучерлік қаржыландыру жүйесі қалай жұмыс істейді? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін BAQ.KZ тілшісі қалалық Білім басқармасына сауал жолдап, елордадағы бірнеше білім беру ұйымының жұмысымен танысты.
Астанада қанша спорт секциясы бар?
Астана қаласы Білім басқармасының мәліметінше, бүгінде қаладағы 122 мемлекеттік білім беру ұйымында тегін және ақылы негізде 1 300-ден астам үйірме мен секция жұмыс істейді.
Спорт бағытында балаларға футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, үстел теннисі, теннис, тоғызқұмалақ, асық ату, гимнастика және каратэ ұсынылады. Сонымен қатар ұлттық спорт пен зияткерлік ойындарды дамытуға басымдық беріліп отыр.
Басқарманың мәліметінше, мемлекеттік және жекеменшік мектептердегі спорт секцияларына шамамен 18 мың оқушы қатысады. Алайда олардың қаншасы тегін, қаншасы ақылы негізде жаттығатыны жөнінде нақты сандық бөлініс ұсынылмады.
Ал Оқушылар сарайлары мен қосымша білім беру ұйымдарының филиалдарында, сондай-ақ мектептер жанындағы Community Center орталықтарында 59 спорттық үйірме жұмыс істейді.
Мұнда футбол, волейбол, баскетбол, дзюдо, қазақ күресі, каратэ, бокс, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, шахмат, теннис, көпсайыс, радиоспорт, мотоспорт және әскери-қолданбалы спорт түрлері бар.
Ваучерді қалай алуға болады?
Қосымша білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік тапсырыс аясында ұсынылатын тегін спорт секцияларына қабылдау QOSYMSHA.KZ цифрлық платформасы арқылы жүргізіледі.
Ата-аналар платформада тіркеліп, ваучер кезегіне өтініш береді. Ваучер берілгеннен кейін баланың қызығушылығы мен жас ерекшелігіне сәйкес спорт секциясын және ұйымды таңдай алады. Сондай-ақ платформа арқылы үйірмелердің бағыттары мен бос орындар туралы ақпаратты көруге болады.
Білім басқармасының мәліметінше, ваучерлік қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бір балаға бөлінетін ваучердің бірыңғай құны – 22 500 теңге. Қаражат бала нақты қатысқан қызмет үшін ұйымға төленеді. Ата-аналар ай сайын баланың сабаққа қатысуын электронды түрде растап отыруы қажет.
Ал жалпы білім беретін мектептердегі секцияларға жазылу тәртібі өзгеше. Ол үшін ата-аналар мектеп әкімшілігіне немесе үйірме жетекшісіне өтініш білдіре алады.
Оқушылар сарайында қандай спорт түрлері бар?
Елордадағы қосымша білім беру ұйымдарының бірі – 2011 жылы ашылған Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы. Мекеменің мәліметінше, ғимараттың жалпы ауданы 61 274,6 шаршы метрді құрайды. Төрт қабатты нысанда 842 кабинет бар.
Мұнда оқу кабинеттерінен бөлек жүзу бассейні, теннис корты, жеңіл атлетика залы, театр залы, көпфункционалды зал, форум залы, мұз айдыны, мәжіліс залы және қысқы бақ орналасқан.
Оқушылар сарайының дерегіне сәйкес, мұнда 12 432 оқушы қамтылған, 98 үйірме жұмыс істейді. Үйірмелер үш бағытқа бөлінген, ал жоспарға 10 іс-шара енгізілген.

Соның бірі – спорттық-сауықтыру бағыты. Бұл бағыт балалар мен жасөспірімдердің дене дайындығын жетілдіруге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға арналған.
Спорттық үйірмелер қатарында футбол, баскетбол, волейбол, жеңіл атлетика, жүзу, гимнастика, теннис, дзюдо, бокс және каратэ бар.
Оқушылар сарайының мәліметінше, спорттық бағытты дамыту үшін білікті жаттықтырушылар жұмыс істейді, жаттығу залдары заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар спорттық іс-шаралар, жарыстар, жиындар мен оқу-жаттығу лагерлері ұйымдастырылады.

Елордадағы тағы бір қосымша білім беру ұйымы – Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы. Мекеменің ресми сайтында спорттық бағыт бойынша бірнеше секция көрсетілген.
Атап айтқанда, балаларға волейбол, жүзу, йога, каратэ-до және мектеп оқушылары мен студенттеріне арналған баскетбол клубы ұсынылады.

Бұл бағыттар балалардың спортқа қызығушылығын арттырып, дене белсенділігін дамытуға мүмкіндік береді. Дегенмен секцияларға қабылдау, бос орын саны және тегін немесе ақылы негізде оқыту шарттарын әр үйірме бойынша жеке нақтылау қажет.
93-мектеп-лицейінде 200-ге жуық бала тегін үйірмеге қатысады
Мектептердегі тегін спорт секцияларының қалай ұйымдастырылатынын білу үшін Астанадағы №93 мектеп-лицейіне бардық.

Мектеп директоры Бексұлтан Болатбекұлының айтуынша, білім ордасында балаларға арналған ақылы және тегін үйірмелер бар. Тегін спорт бағытында футбол, волейбол, баскетбол, бес асық секциялары жұмыс істейді. Ұлдар мен қыздарға арналған бөлек топтар да қарастырылған.
Директордың сөзінше, мектептегі тегін үйірмелерге оқушылардың барлығы қатыса алады. Оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балалар да бар.
Жыл басында оқушыларға мектепте қандай үйірмелер бар екені туралы хабарлама беріледі. Сол хабарламада көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, балалар өз еркімен жазыла алады. Біз мектептің толымдылығына байланысты үйірмелер санын қысқартпауға тырыстық, – дейді Басықара Бексұлтан Болатбекұлы.

Мектептегі спорт секцияларын негізінен осы білім ордасының дене шынықтыру пәні мұғалімдері жүргізеді. Әр педагог өзінің спорттық бағытына қарай үйірме алады. Мәселен, бір мұғалім футболға, екіншісі баскетболға немесе ұлттық спорт түрлеріне жауап береді.
Директордың айтуынша, мұғалімдерге негізгі сабақтарынан тыс уақытта үйірме өткізу үшін тиісті қаражат қарастырылған. Сабақ кестесі спорт залдың бос уақытына қарай жасалады.
Бізде барлық сынып оқушыларына қатысуға мүмкіндік бар. Тек балалардың жас ерекшелігіне қарай топтарға бөлеміз. Дегенмен бәрі бірдей келе бермейді. Көбіне спортқа қызығушылығы мен бейімі бар балалар қатысады. Мысалы, волейбол мен баскетболға жоғары сынып оқушылары көбірек келеді, – дейді мектеп директоры.

Оның мәліметінше, қазір мектептегі тегін үйірмелерге шамамен 200 оқушы қатысады. Алайда бұл көрсеткіш тұрақты емес, себебі үйірмелер міндетті сабақ емес, оқушылардың қызығушылығына қарай ұйымдастырылады.
Сұраныс көп, бірақ спорт залдың мүмкіндігі шектеулі
Мектептегі секцияларға сұраныс жоғары болғанымен, балалардың барлығын бір уақытта қабылдау оңай емес. Әсіресе спорт залдың бос уақыты мен мұғалімдердің жүктемесін ескеру қажет.
Мектеп директоры волейбол үйірмесін мысалға келтірді. Алғашында секция аптасына бір рет ұйымдастырылып, оған 60 оқушы келген. Кейін балалар санының көптігіне байланысты топ екіге бөлініп, сабақ аптасына екі күн өткізілетін болған.

Бізде волейболға алғашында 60 оқушы келді. Кейін оны екі топқа бөлдік. Оқушы көп болғандықтан, үйірмені көбейтуге тырысамыз. Бірақ спорт залдың бос уақытын да ескеруіміз керек. Мұғалімнің еңбегіне төленетін қаражат мәселесі де бар. Сондықтан мүмкіндігінше балаларға жағдай жасауға тырысып жатырмыз, – дейді ол.
Мектепте ұлттық спорт түрлеріне де ерекше назар аударылған. Асық ату мен бес асық секциялары білім ордасы ашылған 2023 жылдан бері жұмыс істейді.
Директордың айтуынша, мектеп жаратылыстану-математикалық бағытта тереңдетіп оқытқанымен, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де мән береді. Сондықтан ұлттық ойындар тегін үйірмелер қатарына енгізілген.
Сонымен қатар мектепте шахмат үйірмесі де бар. Бұл бағытта шахмат федерациясымен бірлескен жоба жүзеге асырылып, оқушыларға факультативтік сабақтар ұсынылады.
Балалардың спортқа қызығушылығын арттыру үшін мектеп ішінде түрлі жарыстар да өткізіледі. Мәселен, бірінші тоқсаннан кейінгі каникул кезінде оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымдарының бастамасымен волейбол турнирі ұйымдастырылған.
Мектеп директорының сөзінше, мұндай шаралар балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне ғана емес, өз бастамаларын жүзеге асыруына да мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта секциялар саны арта ма?
Астана қаласы Білім басқармасы алдағы уақытта мектептер мен Оқушылар сарайларында балалардың сұранысы мен қызығушылығына сәйкес жаңа спорт секцияларын ашуды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Атап айтқанда, футбол, волейбол, баскетбол, жүзу және ұлттық спорт түрлерін дамытуға басымдық берілмек. Сондай-ақ спорттық инфрақұрылымды тиімді пайдалану, жаттықтырушылар тарту және секциялардағы бос орын санын арттыру көзделген.
Басқарманың негізгі мақсаты – әр баланың тұрғылықты жеріне жақын жерде спортпен тегін айналысуына мүмкіндік жасау.
Жалпы, елордада балаларға арналған спорт секцияларының бірнеше бағыты қалыптасқан. Мектептерде қабылдау білім ордасының ішкі тәртібімен жүргізілсе, қосымша білім беру ұйымдарында ваучерлік жүйе қолданылады. Дегенмен секциялардың нақты қолжетімділігі, бос орын саны және спорт залдардың мүмкіндігі де маңызды рөл атқарады.
Тағы оқи отырыңыз: Спорт секциясы, жабдық, жол ақысы: Баланы спортқа беру қанша тұрады?
Ең оқылған:
- Соғымға ет аларда нені білу керек? Маман маңызды кеңес берді
- Пәтер мен көлік сатқанда түскен табыстан қанша салық төлеу керек?
- Еден жуушының шелегін тепкен директордың әйелі ме? – Ақтаудағы лицейде тексеру басталды
- Әскерге шақыруды кейінге қалдыру: Қазақстанда не өзгереді?
- QAZCONTENT басшысы БАҚ-ты жалған ақпаратпен күреске жұмылдыруды ұсынды
Жанерке Жәкен