Партияны «Аманат» деп атауды толық қолдаймын – Тоқаев

1 Наурыз 2022, 11:33
3057
Бөлісу:
Партияны «Аманат» деп атауды толық қолдаймын – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы, партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн форматта өтіп жатқан Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII Съезі кезінде айтты.

Партияның съезд жұмысы кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның атауын «Аманат» деп өзгертуді толық қолдайтынын айтты.

Қазір бүкіл әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Жаңа құндылықтармен қатар, күрделі сын-қатерлер пайда болып жатыр. Осындай алмалы-төкпелі уақытта еліміздің дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Біз жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Бұл өте ауқымды міндет. Тіпті болашақтағы тағдырымызды шешітін аса маңызды жұмыс деуге болады, - деп айтты Тоқаев.

Президент оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерді айқындап алу қажеттігін атап өтті.

Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс. Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз  керек. Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – партияны жаңғырту. Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда партияның өзгеруі заңдылық. Бұл уақыт талабы. Осыған орай, жаңа ғана айтылғандай, саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ. Мен де бұл мәселеге қатысты пікірталасқа қатыстым, - деп түсіндірді Тоқаев.

Президент партия атауын өзгертуге бірнеше ұсыныс айтылғанын айтты.

Соның ішінен «Аманат» атауына тоқтадық. Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін айрықша мәні бар. Киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз міне осы, - дейді Президент.

Тоқаев атап өткендей, халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады.

Өзгелердің жаңалығы