Парсы шығанағындағы қақтығыс фонында Иран мен Оман жағалауында ірі мұнай ластануы тіркелді. Мұнай өнімдері Иранның Кешм аралына және қорғалатын мангр ормандарына жеткен, ал Оман жағалауындағы мұнай дағының ауданы 2 мың шаршы шақырымнан асып түсті, деп хабарлайды Euronews.
Иранда мұнай өнімдерінің іздері Кешм аралының жағалауында – Соза жағажайынан Шиб-Дераз ауданына дейін және Хара мангр ормандарынан табылды. Жергілікті экологиялық қызметтердің мәліметінше, ластанудың негізгі бөлігі тазаланды, дегенмен мониторинг әлі де жалғасуда.
Иран СІМ алдын ала мәліметтер төгіндінің ықтимал көзі ретінде шетелдік жүк кемесін көрсететінін мәлімдеп, экологиялық шығынды өтеуді талап етті.
TankerTrackers сервисінің мәліметінше, ластанудың ықтимал көзі 3 тамызда Оман жағалауына жақын жерде снаряд тиген Либерия туы астындағы Minoan Pioneer балкері болуы мүмкін. Осыдан кейін мұнай дағы Ормуз бұғазы арқылы Иран тарапына қарай жылжыған.
Сонымен бірге Оман жағалауында да елеулі ластану тіркелді. Шілде айында Халланият аралдарының маңында қайраңға батып қалған, шамамен 1 млн баррель ресейлік мұнай тасымалдаған Caroline Bezengi танкерінен мұнай әлі де ағып жатыр.
Reuters жүргізген спутниктік талдауға сәйкес, мұнай дағының ауданы қарқынды түрде ұлғайған: 26 шілдедегі 45 шаршы километрден 2 мың шаршы километрден астам аумаққа дейін өскен. Мұнай Оманның материктік жағалауына жетіп, 40 километрге дейінгі жағалау сызығын ластады.
Халланият аралдары – теңіз тасбақалары, бүкір киттер, құстардың сирек кездесетін түрлері мекендейтін және маржан рифтері орналасқан табиғи қорғалатын аумақ болып табылады.
Caroline Bezengi танкері ресейлік мұнайды тасымалдағаны үшін Еуропалық Одақ пен Ұлыбританияның санкцияларына ілінген.
8 маусымда Йемен жағалауында кемеде болған жарылыс үшін жауапкершілікті ешкім өз мойнына алған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Тегеран Парсы шығанағы елдерін Трампқа ықпал етуге шақырды.