Иран АҚШ-тың әскери соққылары жалғасқан жағдайда Парсы шығанағындағы елдердің стратегиялық инфрақұрылымдарына соққы жасалуы мүмкін екенін ескертіп, өңір мемлекеттерін Вашингтонды дипломатиялық келіссөздерге қайта оралуға көндіруге шақырды. Бұл туралы Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның мәліметінше, Иран соңғы күндері Сауд Арабиясы, Катар, Түркия және өзге де өңірлік серіктестерімен жоғары деңгейде дипломатиялық байланыстар жүргізген. Келіссөздер барысында АҚШ-тың Иранға қарсы жаңа әскери әрекеттері аймақтағы мұнай, энергетика, су инфрақұрылымы мен көлік желілеріне қауіп төндіруі мүмкін екені жеткізілген.
Reuters дереккөздерінің айтуынша, Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Парсы шығанағы елдерін АҚШ президенті Дональд Трампты әскери әрекеттерден бас тартып, келіссөздер жолын таңдауға ықпал етуге шақырған.
Иран тарапы дипломатиялық шешімді қолдайтынын, алайда елге шабуыл жасалған жағдайда жауап қайтаруға дайын екенін мәлімдеген.
Өз кезегінде Сауд Арабиясы жағдайдың одан әрі шиеленісуі аймаққа үлкен қауіп төндіретінін айтып, Вашингтонды дипломатиялық жолды таңдауға үндеген. Сонымен қатар, Эр-Рияд өз аумағына кез келген шабуылға жауап беретінін жеткізген.
Reuters мәліметінше, Қатар, Оман және Сауд Арабиясы да АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерді қайта жандандыруды қолдап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдайда тараптар әскери іс-қимылдардың жаңа кезеңіне жол бермеуге тырысқанымен, өңірдегі шиеленіс әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр.