«Париждік богема» операсының премьерасы «Астана Операда» өтеді

5 Сәуір 2019, 13:40
2053
Бөлісу:
«Париждік богема» операсының премьерасы «Астана Операда» өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Джакомо Пуччинидің ең атақты операларының бірі – «Богема» – 19 және 20 сәуір күндері «Астана Опера» Үлкен залы сахнасында ұсынылмақ.  Премьера Жастар жылы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен орын алады. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Афишада тек әйгілі есімдер ұсынылған: қоюшы дирижер – Джузеппе Акуавива, қоюшы режиссер – Андреа Бернард, қоюшы сценограф – Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, проекциялар бойынша дизайнер – Серджио Металли, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Операның сюжетін композитор танымал француз жазушысы Анри Мюрженің «Богема өмірінен көріністер» шығармасынан алған. «Богеманың» музыкасын Дж.Пуччини сегіз айдың ішінде жазған. Премьерасы 1896 жылдың 1 ақпанында Туринде 28 жасар Артуро Тосканинидің дирижерлік етуімен өтті. Кейін «Богема» барша әлем сахналарын жаулап алды.

- «Богема» – лирикалық опера, театрларда жиі орындалатын туындылардың бірі, осынау спектакльге мен бар құштарлығымды салдым. Театрымыз үшін сәтті жоба болады деген сенімдемін, - деді қазіргі заманның атақты сценографы Эцио Фриджерио (Италия).

Көрермен назарына операның жаңа сахналық редакциясы ұсынылады. Соңғы озық әрі заманауи театрлық технологиялардың арқасында операны сахнаның техникалық мүмкіндіктеріне бейімдеп, қойылым тобының ең батыл шешімдері жүзеге асырылмақ.

- Мен «Богема» спектаклін алғаш рет қоятын боламын және бұл Дж.Пуччинидің туындыларын сахналаудағы тырнақалды жұмысым, сондықтан осы тамаша операны өзімнің жеке түсінігім арқылы іске асыруға тырысатын боламын. Музыканы тыңдап, либреттоны оқыған кезімде ойыма идеялар келеді. Мен әрдайым кейіпкерлердің мінез-құлқын сахнада жақсырақ көрсету үшін олардың психологиясын түсінуге тырысамын. Көрермендерді қызықтыра алатын поэтикалық бейнелер мен оқиғалар жасауға тырысып бағамын. Мен үшін көрермен қауымға жаңа нәрсені баяндап, театр қабырғасынан сол жиналған тәжірибемен шығу мүмкіндігін беру маңызды, - деп бөлісті қоюшы режиссер Андреа Бернард.

Ол сондай-ақ осынау оқиғаны 1900 жылдардың басына, Париж үлкен мәдениет, өнеркәсіп және сәулет өнері айқын көрініс тапқан қала болып тұрған кезге ауыстыруды шешеді.

- Бұл Бүкіләлемдік көрмеден кейінгі жылдар болатын, аталмыш шарадан соң Париж халықаралық деңгейдегі орталыққа айналды. Осы кезеңде кино дүниеге келді, фотография дамыды, ал импрессионистік өнер өзінің асқақ шыңында болды. Бұл богеманың жас өкілдерінің тарихын айту үшін дұрыс контекст болатынын ойладым, - деп қорытындылады қоюшы режиссер.

Премьера «Астана Опера» жетекші солистерінің, елордалық театрдың Симфониялық оркестрі және хорының қатысуымен сағат 18:00-де басталады.


Өзгелердің жаңалығы