Парасатты қоғам қалыптастыру – өз қолымызда

6 Ақпан 2022, 10:41
3082
Бөлісу:
Парасатты қоғам қалыптастыру – өз қолымызда

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында негізгі күш сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күреске бағытталалуда.

Ақмола облысында жемқорлықтың алдын алуға қатысты қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Арман Рахымов айтып берді.

–Өңірде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың динамикасы мен құрылымы қандай?

– Соңғы үш жылда тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны екі еседен аса азайды. Бұл көп жағдайда қылмыстық сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесін енгізудің арқасында орын алды. Енді қылмыстық қудалау органдарының кез келген іс-әрекеті – адамдарды күдікті деп тану, бұлтартпау шараларын таңдау, іс-әрекеттің саралануы, істі сотқа жіберу, іс жүргізуді тоқтату, прокурормен бекітіледі немесе келісіледі.

Жемқорлық құқық бұзушылық көрсеткішінің азаюына азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің өсуі, жеке байланыстарды барынша азайтатын көптеген процестерді цифрландыру және пара алу мен лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану жағдайларын жою сияқты алдын алу жұмыстары ықпал етіп отыр. Мысалы, жол полицейлерінің бейнетіркегіштері, жетондары қазір аңызға айналғандай. Құрылымы бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстарының жартысын ұрлық және алаяқтық фактілері құрайды. Ұрлықтың негізгі әдісі – заңсыз төлем және нақты орындалмаған жұмыстар үшін актілерге қол қою. Одан әрі жұмыс істемейтін адамдарды ресми жұмысқа орналастыру, қызметтік іссапарларды жалған ресімдеу, мемлекеттік қызметшілердің бюджет қаражатын жымқыру фактілері бар. Өткен жылы біздің облыста 51 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың жартысына жуығы әртүрлі деңгейдегі менеджерлер.

–Әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша «білім беру саласы мен ішкі істер органдарында жемқорлық көп» деген факті жария етілді. Осы әлеуметтік зұлымдық кейбір азаматтардың ұғымында үйреншікті іске айналғандай. Дегенмен қандай салалар сыбайлас жемқорлыққа көбірек бейім?

– Статистика сыбайлас жемқорлық қылмыстарының басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласында жасалатынын көрсетеді. Сондықтан өткен жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді, оларды жою бойынша ұсынымдар енгізілді. Мәдениет, құрылыс және ТКШ салаларында да сыбайлас жемқорлық қылмыстар тұрақты байқалады. Олардың арасындағы ортақ белгі – бюджет қаражатын, мемлекеттік субсидияларды бөлу мүмкіндігі.

– Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қандай әдістері неғұрлым тиімді?

– Ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заңнамалық деңгейде күшеюін, оның ішінде шығыстар мен кірістерді міндетті декларациялауды атап өткен жөн. Бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық үшін отставкаға шығу және басшылардың тәртіптік жауапкершілігі институтын енгізу, нормативтік құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын қалпына келтіру маңызды рөл атқарады. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны, мемлекеттік қызметшілерге сыйлықтар беруге және алуға толық тыйым салынғаны, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқа да жаңалықтар үшін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі де өзінің тиімділігін дәлелдеді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және қылмыстық схемаларды ашу бойынша жүйелі жұмыстың маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. «Алдын алу–анықтау– тергеу» триадасында бірінші буын маңызды рөл атқарады.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қалай жетілдірілуде?

– Қалыптасқан жағдайдың және жұмыс әдістерінің толық талдауы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында келтірілген. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді және қазір бүкіл ел бойынша белсенді талқылануда. Құжатта алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибе, халықаралық стандарттар, қазақстандық болмыс ескерілген. Адал бизнесті дамыту басымдыққа ие болып отыр. Адал жұмыс істейтін компаниялардың мемлекеттік сатып алулар, салық салу, субсидиялар алу және мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлері бойынша артықшылықтары болуы тиіс. Бюджеттік процестердің транспаренттілігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды да атауға болады. Сапалы цифрландыру сыбайлас жемқорлықтың, ең алдымен тұрмыстық жемқорлықтың алғышарттарын төмендету факторы ретінде айқындалған. Парасатты қоғам қалыптастыруға, сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін барынша азайтуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты мониторингілеуге, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға одан әрі тартуға ерекше назар аударылды. Стратегиялық құжатта отбасы институтын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырып балабақшадан бастап барлық деңгейдегі білім беру жүйесіне енгізілуі тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы үздіксіз оқытуды мемлекеттік қызметшілер үшін де енгізу қажет.

– «Парасаттылық» термині күнделікті сөз арасында, этика туралы арнайы әдебиеттерде де қолданылмайды. Неліктен оны Тұжырымдамада және барлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыста қолданады?

–Біздің жағдайда парасаттылық – бұл қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін қалыптастыру. Дәл осы терминнің ЭЫДҰ-ға мүше елдер арасында кең таралғаны маңызды. Сонымен қатар, ол қоғамдық парасаттылық, яғни қоғамдық саладағы мінез-құлықтың әдептілігі деп түсіндіріледі. Парасатты қоғам қалыптастыру – өз қолымызда. 

–Бірқатар мектеп, колледждерде «адалдық дүкендері» ашылғаны белгілі. Олардың көбі карантиндік шектеулерге дейін жабылды. Бұл толық ойластырылмаған бастама емес пе?

– Жалпы, бұл шетелдік тәжірибені жүзеге асыру әрекеті деп айтуға болады. Германияда, Швейцарияда жол бойында оралған өнімдері бар дүкендер бар. Сатушысыз. Ал иелері шығынға батып жатқан жоқ. Мұндай дүкендерді енгізу сатып алушылар арасында жағымды моральдық қасиеттерді қалыптастыруға, адалдыққа тәрбиелеуге және дамытуға бағытталған. Жобаның мақсаты – қоғамдағы сенім атмосферасын біртіндеп құру, өзін жақсы, адал адам ретінде анықтау мүмкіндігі. «Адалдық дүкендерін» ашу мәселесін реттейтін нормативтік құқықтық актілер болған жоқ. Бұл бастама халықаралық тәжірибеге сүйене отырып және тек ерікті негізде жүзеге асырылды. «Адалдық дүкендері» бір жерде жұмыс істемеді, бір жерде карантин кедергі келтірді. Бірақ адамдар сатушысыз және бақылаусыз бұл мүмкін екенін түсінді. Біреулер ерікті түрде, еш науқансыз бұған оралуы мүмкін. 

– Қоғамдық бақылау өзінің тиімділігін дәлелдеді ме? Өйткені, ашық бюджет, құрылыс сапасын түсіну үшін белсенді өмірлік ұстаным аз. Арнайы, кәсіби білім қажет.

–Қоғамдық бақылау – бүгінгі таңда ерекше маңызға ие болып отырған азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды құралы. Осы тетіктің көмегімен немқұрайлы емес азаматтар мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға өз үлестерін қоса алады. Мәселен, өткен жылы қоғам өкілінің арызы бойынша облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Егіндікөл аудандық ауруханасының бас дәрігеріне қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сот үкімімен кінәлі адам бір жылға сотталды, мемлекеттік қызмет пен өмір бойына квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды. Ал өңірдің басқа да қоғам белсенділерінің арқасында жергілікті атқарушы органдарының бірінің лауазымды тұлғасына әкімшілік іс қозғалды. Ол ҚР Еңбек кодексін бұза отырып, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды ведомстволық бағынысты мекеменің басшысы ретінде жұмысқа қабылдаған. Кінәлі адам 50 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды. Тұтастай алғанда, азаматтардың қоғамдық мониторингтерге қатысуы мемлекеттік аппаратты да, кәсіпкерлерді де тәртіпке келтіріп, жауапкершілігін арттырады. Бірақ, әрине, азаматтармен қатар қоғамдық бақылауға түрлі сарапшылар мен мамандарды да тартамыз. Бұдан басқа  қазір «Қоғамдық бақылау туралы» заң әзірленуде. Онда тиісті мәселелер ескерілетін болады деп ойлаймын.

Өзгелердің жаңалығы