Пара берушілер үшін де, пара алушылар үшін де жаза қатаң

11 Қаңтар 2021, 16:10
7297
Бөлісу:
Пара берушілер үшін де, пара алушылар үшін де жаза қатаң
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Antikor ortalygy» алаңында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдула заңға сәйкес пара беру, парақорлыққа делдал болу және бизнеске заңсыз араласқаны үшін жауапкершілікті күшейту туралы айтты.

2020 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің алдына қойылған міндеттерді орындау және тергеу сапасын қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

Өткен жылдың 1 қыркүйегіндегі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында пара берушілер мен делдалдардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. Бұл тәсіл халықаралық озық тәжірибеге толық сәйкес келетінін атап өткен жөн. Лауазымды адамдарды параға сатып алумен әдейі айналысатын, не заңсыз сыйақы беру кезінде делдал болған адамдар, елеулі қылмыстық жауаптылықта болуға тиіс. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалды. Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізілді. Мысалы, егер бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген «айтарлықтай мөлшерде пара беру» қылмысы үшін ең жоғары санкция 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құраса тиісінше, бұл әрекет орташа ауыр қылмыс деп танылды. Ал қазіргі жаңа редакцияға сәйкес, жазаның жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұлғайтылды, бұл автоматты түрде ауыр құқықтық салдары бар санатқа – яғни шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу және қауіпсіздігі төмен қоныс-колониясында жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі көзделген, - деді ол.

Департамент басшысы азаматтар сыбайлас жемқорлықпен күрестің ауырлығын түсінуі керек екенін айтады.

Пара берушілер де, пара алушылар да қатаң жазаланатын болады. Парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін бірнеше рет, не қылмыстық топпен немесе өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған адамдарға да осындай, қауіпсіздігі төмен қоныс-колониясында жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі және шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу түріндегі қатаң шаралар қолданылатын болады. Бас бостандығынан айыру мерзімдерінің ұлғаюынан басқа, пара бергені және парақорлыққа делдал болғаны үшін, айыппұл мөлшеріде бірнеше есеге өсті. Мысалы, енді қарапайым пара берушілер үшін (50 АЕК дейін) айыппұлдың ең төменгі мөлшері 2 есеге, параның 10 еселенген мөлшерінен 20 еселенген мөлшеріне дейін ұлғайтылды. Яғни, егер адам 100 мың теңге пара бергені үшін сотталған болса, онда оған ең төменгі айыппұл ретінде сотпен тағайындалған айыппұл мөлшері 2 млн теңгені құрайды. Осыған дейін, ең төменгі айыппұл мөлшері 1 млн теңге болған, - деді ол.

Шыңғыс Қабдула сол сияқты делдалдар үшін де айыппұлдың мөлшері 2 есеге ұлғайтылғанын жеткізді.

Бүгінгі алаңды пайдалана отырып, тағы да азаматтарды заңсыз сыйақы төлеу арқылы мәселелерді шешуден бас тартуға шақырамын. Бұл үшін қатаң қылмыстық санкциялар қарастырылған. Президент өзінің қыркүйектегі Жолдауында, мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез-келген заңсыз араласуы, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі жасау мемлекетке қарсы ауыр қылмыс ретінде қабылдануы керек деп атап өтті. Кәсіпкерлікті дамыту мен қорғау әрқашан ел басшылығы саясатының басымдығы болып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де, осы міндетті шешуге бағытталған, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы