Католик шіркеуінің кардиналдары Папа Францисктің мұрагерін сайлау үшін өтетін конклавтың басталу күнін 7 мамырға белгіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл шешім дүйсенбі күні өткен бейресми кездесуде қабылданған. Кардиналдар жасырын дауыс беруді екі күнге кешіктіріп, осы уақыт ішінде бір-бірін жақынырақ танып, ортақ кандидат төңірегінде келісімге келуді жоспарлап отыр. Дәстүрге сай дауыс беру рәсімі Ватикандағы Сикстин капелласында өтеді.
Папа Франциск 21 сәуірде дүниеден өтті. Сенбі күні Ватиканда оның жерлеу рәсімі болды. Франциск Латын Америкасынан сайланған алғашқы Папа ретінде тарихқа енді. Оның әлеуметтік әділеттілік, экология және шіркеуді жаңғыртуға бағытталған бастамалары үлкен қолдау тапқан еді.
Сарапшылардың пікірінше, келесі Папа Еуропадан тыс аймақтардан – әсіресе Африка немесе Азия құрлығынан сайлануы мүмкін.
Алайда конклав алдында дау туындатқан бір жайт – Ватикан соты тарапынан қаржылық құқық бұзушылықтар бойынша айыпталған кейбір кардиналдардың сайлауға қатысуы. Бұл жағдай шіркеу ішіндегі этикалық нормалар мен сенім дағдарысына қатысты өзекті мәселелерді қайта көтерді.
Жаңа Папаны сайлау – католик шіркеуінің ғана емес, бүкіл әлем қауымдастығының назарын аударып отырған тарихи сәт. Ол шіркеудің болашақ бағытын айқындайтын шешуші кезең болмақ.