Пандемия бітті. Қазақстанда коронавируспен 1 миллионнан астам адам ауырып шықты

6 Мамыр 2023, 12:50
835
Бөлісу:
Пандемия бітті. Қазақстанда коронавируспен 1 миллионнан астам адам ауырып шықты
Фото: BAQ.KZ

Науқастардың 99% сауығып кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстанда пандемия жарияланған алғашқы күннен бастап Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалалары әкімдіктерінің жанынан республикалық және жедел штабтар құрылды. Олар күн сайын коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл жөніндегі медициналық ұйымдардың жұмысын үйлестірді.

Пандемия кезеңінде ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің COVID-19 мәселелері бойынша санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар бойынша 83 қаулысы әзірленіп, қабылданды, олар коронавирус инфекциясының жаңа нұсқаларының пайда болуын және вирустың қасиеттері туралы білімді ескере отырып, үнемі өзекті болып отырды.

Уақтылы медициналық көмек көрсету үшін қалаларда 16 модулдік аурухана салынды және 3 инфекциялық аурухана қайта жаңартылды, сондай-ақ 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді. Пандемия кезінде үйде медициналық көмек көрсететін 3054 көшпелі мобилдік бригаданың жұмысы басталды.

Психоэмоционалдық жүктемені, қауіптерді ескере отырып, медицина кадрларын әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету мақсатында медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу бойынша шаралар қабылданды. Пандемияның барлық кезеңінде  57 мың медицина қызметкері шамамен 285 млрд.теңге көлемінде түрлі ковидтік төлемдер алды.

Қазақстандық денсаулық сақтау жүйесі ресурстарының, медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің және КВИ бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізудің арқасында өлімге әкелетін инфекцияның таралуын тоқтатуға қол жеткізілді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ПТР оң нәтижесі бар 1 млн 411 мың адам және ПТР теріс нәтижесі бар 91 мың науқас коронавирус инфекциясымен ауырды. 2022 жылдың тамыз айынан бастап ҚР және барлық өңірлер жасыл аймақта. Соңғы 3 жылдың ішінде коронавирус инфекциясынан 19 мың науқас, оның 13,8 мыңы КВИ+ және 5,4 мыңы КВИ- тан қайтыс болды. Науқастардың 99% сауығып кетті, - деп хабарлады ДСМ.

Айта кетейік, ДДСҰ басшысы Тедрос Адан Гебрейесус әлемдегі COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимінің аяқталғанын ресми түрде мәлімдеген еді. COVID-19 пандемиясы 2020 жылғы 11 наурызда жариялып, 3 жыл 1 ай және 24 күнге созылды.

Өзгелердің жаңалығы