Пәкістанда «Қазақстан үйі» ашылды

30 Сәуір 2023, 16:35
951
Бөлісу:
Пәкістанда «Қазақстан үйі» ашылды
Фото: СІМ

Қазақстан елшісі Ержан Қыстафин Лахор қаласына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапар аясында Пәкістанда алғашқы «Қазақстан үйінің» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға құрметті қонақтар ретінде Пенджаб провинциясының губернаторы Мұхаммад Балиг-ур-Рехман және Лахор қаласының комиссары Мұхаммад Али Рандхава қатысты. Іс-шараға өзге де жоғары лауазымды тұлғалар, провинцияның іскер топтарының өкілдері, оның ішінде сауда-өнеркәсіп палаталары мен ірі кәсіпорындарының басшылары, сондай-ақ ғылым, мәдениет, өнер және білім қайраткерлері қатысты.

Қазақстан үйін ашудың негізгі мақсаты – Пәкістан азаматтарына қызметтердің кең спектрін ұсыну және «бір терезе» қағидаты бойынша кеңес беру. Онда қазақстандық виза мәселелері бойынша қолдау көрсету мүмкіндігімен қатар туризм, мәдениет, білім беру, сауда және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту бөлімдері ұсынылған.

Пенджаб провинциясының губернаторы М. Балиг-ур-Рехман және Лахор қаласының комиссары М. Әли Рандхава барлық қатысушыларды Қазақстан үйінің ашылуымен құттықтап, бұл қадам Қазақстан-Пәкістан қатынастары тарихының жаңа кезеңін белгілейтінін атап өтті. Е. Қыстафин Қазақстан үйі екіжақты қатынастарды нығайтуға және екі ел халықтарын жақындастыруға қызмет ететініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, Елші Лахор қаласындағы ҚР Құрметті консулы Рао Халид Махмудқа жобаны жоғары және сапалы деңгейде жүзеге асырғаны және Қазақстан мен Пәкістан арасындағы бауырластық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Іс-шара аясында Елші Лахор қаласының комиссарымен келіссөздер жүргізіп, оның барысында елдеріміздің мәдени астаналары Түркістан мен Лахор арасында бауырлас қатынастар орнатуға өзара мүдделілік расталды. Сонымен қатар, күннің бірінші жартысында Елші Құрметті консулмен бірге «NEO TV» және «Lahore Rung» арналарының таңғы ТВ-шоуларына қатысты, оның барысында 2022 жылдың негізгі іс-шаралары мен нәтижелері туралы, сондай-ақ ағымдағы 2023 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

Сол күні Шекхупура қаласының сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылығымен және мүшелерімен іскерлік түскі ас өтті. Кездесуде Елші Қазақстанда бизнес жүргізу үшін іскерлік мүмкіндіктер туралы айтып, сауда ынтымақтастығын дамыту перспективаларын талқылады. Өз тарапынан Шекхупура кәсіпкерлері ағымдағы жылы Алматы-Лахор тікелей әуе рейстері ашылғаннан кейін Қазақстанға келуге ниет білдірді.

Өзгелердің жаңалығы