Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан ресейлік әріптесі Тина Канделакидің Қазақстандағы теміржол вокзалдарының атауын қазақша өзгерту туралы мәлімдемесіне қатаң жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тина Канделаки өзінің Telegram-арнасында Қазақстанда орыс тілінің ығыстырылып жатқанын айтты. Ол елдегі бірнеше теміржол вокзалдарының атауын қазақша өзгертуді «күмәнді шешім» деп атады.
Қазақстанда мемлекеттік деңгейде орыс тілін ақырын, бірақ сенімді түрде ығыстырып жатыр. Республиканың Көлік министрлігі бірнеше вокзалдың атын өзгертіп, орысша атауларды қазақшаға ауыстырғысы келді. Мысалы, «Орал» станциясын «Оралға», «Өзенді» «Жаңаөзенге» ауыстыруды, т.б.
Балтық тәжірибесі көрсеткендей, бұл өте қауіпті үрдіс. Мұнда да бәрі ұсақ-түйектен басталып, кейін орыс мектептері жабылды, кеңестік ескерткіштер жойылды, орыс тіліне тыйым салынды, ақыры зейнеткерлерді суыққа қуып жіберді. Тарихтағы өз орнын қолдаймын деген сылтаумен алысқа баруға болатыны анық, мұндай күмәнді шешімдерді алға тарту үшін тарихтың артына тығылу әсіресе ыңғайлы, - деп жазды.
Бұл жазбаға еліміздің танымал тұлғалары мен журналистері бірден қарсылық білдіріп, желі қолданушылары түрлі пікір жазды.
Ресейлік әріптесіне жауап берген белгілі журналист Динара Сәтжан өзгенің ісіне өз ережеңді араластырмау керектігін ашық жазды.
Құрметті @tina_kandelaki.
Біріншіден, біз тәуелсіз егемен мемлекетпіз. Ал теміржол вокзалын қалай атайтынымызды өзіміз шешейік.
Екіншіден, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар ішінде Кеңес өкіметі жылдарында жоғалған ана тілін біртіндеп қайтарып келеді.
Үшіншіден, орыс тілі елімізде ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады, ал мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бұл біздің Конституцияда бекітілген. 7-бап, - деді.
Динара Сәтжан теміржол вокзалдарының қазақ тіліндегі дұрыс аумақтық атаулары осы екендігін айтты.
Орыстың ығысуының бұған қандай қатысы бар?
Ал біз елімізде тек мемлекеттік тілде ғана емес, орыс, ағылшын тілінде де сөйлейміз. Бұл біздің мықтылығымыз! – деді.
Шолпан Аманғали