Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев елордадағы Көлік және коммуникация жоғары колледжінің студенттерімен кездесті.
Ол студенттерге референдумды өткізудің мән-мағынасын түсіндірді.
Алдымызда үлкен саяси науқан келе жатыр. Шын мәнінде мұндай науқанның өткізілмегеніне көп болды. Қоғамымызға күрделі өзгеріс керек екенін бәріміз түсінеміз. 30 жылдың ішінде оң өзгерістер болып, еліміз дамыды. Оған бәріміз атсалыстық, - деп бастады сенатор сөзін.
Күрішбаев осы жылдар аралығында қоғамда әділет орнайды деген сенім барлығында болғанын айта кетті.
Біздің қоғамымыз екі әлемге бөлініп келді. Ол – байлардың және кедейлердің әлемі. Қаңтар айында шеруге шыққан адамдар бостан-босқа шыққан жоқ. Олар билікке сенбегендіктен шықты. Жалпы қарапайым халық, жастар өздерінің құқығын қорғап, билікке соны жеткізу үшін шықты. Бірақ оның арты адам сенгісіз жағдайға ұласып кетті. Бұл әрине дұрыс емес. Бірақ ол қоғамымыздың «арру» екенін көрсетеді. Қаңтар соны дәлелдеді. Сол себептегі қоғамға өзгеріс керек, - дейді Сенат депутаты.
Оның сөзінше, өзгерісті Президент айтқандай, саяси бөліктен бастау керек.
Саяси өзгерістер дегеніміз – ол мемлекетті халықтың, яғни қоғамның өзі билеуі. Оны қалай өзгертеміз? Мәселе сонда. Өздеріңіз білетіндей, біз әлемнің кішкентай ғана бір бөлігіміз. Дамыған басқа демократиялық мемлекеттерден үлгі алуымыз қажет. Бұл жерде жаңалық ашудың қажеті жоқ, - деп айтты Ақылбек Күрішбаев.
Сенатор студенттерге Ата заңға енгізіліп жатқан өзгерістердің негізгілері туралы айтып берді.
Осыған дейін талай кездесулерде болдым. Кездесуде енгізіліп жатқан өзгерістерді «косметикалық өзгерістер» деп жатыр. Біздің қазіргі жобамыз – бұл дамыған елдердің жобасы. Олар да Конституцияларына косметикалық өзгеріс енгізе сала ма? Олардың Ата заңдары жұмыс істеп тұр ғой. Біз олардың тәжірибесін алып отырмыз. Ата заң – ол еліміздің темірқазығы, ең негізі. Басқа өзгерістерді енгізу үшін бізге алдымен темірқазығымызды түзеу керек. Қазіргі өзгерістер осы үшін керек. Сол кезде ғана басқа өзгерістер болады. Сол себепті саяси өзгерістерді осы ең негізден бастау қажет. Ол үшін халық билікке келуі керек, - деп түсіндірді сенатор жастарға.