Өзбекстандағы жарылыс. Мақтааралда кезекті штаб отырысы өтті

23 Қазан 2022, 13:29
2042
Бөлісу:
Өзбекстандағы жарылыс.  Мақтааралда кезекті штаб отырысы өтті

Өзбекстан Республикасындағы әскери қару-жарақ қоймасында болған жарылысқа байланысты бүгін аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребековтың төрағалығымен кезекті штаб отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиынға облыстық ТЖД-нің азаматтық қорғау полковнигі Т.Досалиев, құқық қорғау органдарының өкілдері, дербес бөлім басшылары, Атакент кенті мен Жамбыл, Бірлік, Еңбекші, Иіржар, А.Қалыбеков ауылдық округінің әкімдері қатысты. 

Күні кеше өткен штаб отырысында жарылыстан аудан аумағындағы елді мекендерде зардап шегу жағдайлары бойынша бағыттық тапсырмалар беріліп, зерделеніп, анықтау жұмыстары жүргізілген болатын. Бүгінгі жиында соның нәтижесі туралы баяндалды. 

Негізінен, жарылыс дүмпуінен шекараға жақын аумақтағы көпқабатты санаулы әлеуметтік нысандардың терезелері сынғаны анықталып отыр. Ал, жеке тұрғын үйлерге келген зардаптар бойынша жергілікті атқарушы органдарға шағым түспеген. 

Штабтың төрағасы Бейсенбай Тасболатұлы тарапынан мекемелердің есебінен шұғыл түрде әлеуметтік нысандардың терезелерін қалпына келтіру бойынша тапсырма берілді. Ал, жеке тұрғын үйлер бойынша шағымданып келген азаматтарға жергілікті аудандық мәслихаттың депутаттары мен кәсіпкерлердің есебінен көмек көрсетілетін болады.     

Жиын барысында құлаған тұрғын үйлер немесе қатты зардап шеккен әлеуметтік нысандар жоқ екендігі айтылды. Денсаулығы бойынша денсаулық сақтау мекемелеріне шағымданып келген азаматтар да тіркелмеген.  

Қазіргі таңда барлық елдімекендерде коммуналдық қызметтер (ауыз су, газ, электр) үзіліссіз беріліп жатыр.

Айта кетейік, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Ұлттық сараптама орталығы тарапынан жер, ауыз су, ауаның сынамасы алынып, нәтижесі 4 күннің ішінде жарияланатын болады.  

Өзгелердің жаңалығы