Өзбекстанда бөгеттің жарылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

3 Мамыр 2020, 15:31
1873
Бөлісу:
Өзбекстанда бөгеттің жарылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстанның батысындағы Сырдария облысында Сардоба су қоймасы бөгетінің жарылуы салдарынан болған су тасқынына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы республиканың Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетінің жарылуы салдарынан болған су тасқынына байланысты ҚК 207-бабы, 1-тармағы(қызметіне немқұрайлы қарау) және 258-бап 2-тармағы "Б" пункті(тау, құрылыс немесе жарылыс қаупі бар жұмыстарды атқару кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды, - делінген хабарламада.

Бас прокуратура баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері қылмыстық іске қатысты тергеу жұмыстарын жүргізеді.

Бұған дейін 1 мамыр сағат 05:55-те Сардоба су қоймасы бөгетінің алтыншы пикет қабырғасынан су кетіп, салдарынан бөгет жарылып кеткені хабарланды. Су тасқыны салдарынан жергілікті елді мекендер, коммуникациялық желілер мен ауылшаруашылық жерлерге үлкен шығын келтірілген болатын.

Төтенше жағдайдың салдарын алдын алу жұмыстарын қарастыратын Үкіметтік комиссия адам шығыны бар деген ақпаратты растамады. 

Бөгет жарылу салдарынан екі бала қайтыс болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Шын мәнінде көршілес жатқан Джизак облысында тасқын су салдарынан 14 жастағы қыз бен 9 жасар ұл бала қайтыс болды, - делінген комиссия хабарламасында.

Комиссияның ақпаратына сүйенсек, су тасқыны салдарынан 56 адам зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды. Су қоймасының маңында тұратын 70 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Адамдардың барлығы қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтылған.

1 мамырда оқиға орнына Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев барды, үкіметтік комиссия құрылды.

Айта кетейік, Сардоба су қоймасының құрылысы 2010 жылы басталып, 2017 жылы аяқталды. Гидроқұрылғы 922 млн текше метр су жинақтайды.

Өзгелердің жаңалығы