Өзбекстанда бөгет жарылып, бірнеше елді мекенді су басты

1 Мамыр 2020, 22:19
4769
Бөлісу:
Өзбекстанда бөгет жарылып, бірнеше елді мекенді су басты
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба су қоймасындағы бөгеттердің бірі жарылып, айналасындағы елді мекендерді су басты. 

Төтенше жағдай министрлігі, ұлттық гвардия сарбаздары тұрғындарды қауіпсіз жаққа көшіре бастаған. Соңғы мәлімет бойынша, су қоймасы маңындағы елді мекендерде тұратын 11 мыңнан астам адам көрші ауданға көшірілген. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

Президент Шавкат Мирзияев Сырдария облысы Сардоба ауданына шұғыл жеткен.

Куәгерлердің айтуынша, әуелі халық арасында "1А совхоз" атпен белгілі елді мекенге су жеткен, кейінірек өзге ауылдарды су басқан.

Таңертеңгі сағат 6-да кенеттен дабыл қағылды. Милиция қызметкерлері "Сардоба су қоймасындағы бөгет жарылып кетті, Жизақ жаққа қарай қашыңдар!" деп айғайлады. Біздің үй су қоймасынан бір шақырым жерде орналасқан. Бірден құжаттарымызды алып, көшеге шықтық. Көшеде абыр-сабыр, барлығы көлікке отырып, қашып жатыр. Біз де дереу қашу қамына кірістік. Ағын судың дыбысы қорқынышты болды. Әйтеуір ауылдан аман-есен көлікпен шыға алдық. Қазір 1 және 1А совхоздары су астында қалды. Адамдар жолда тұр. Адамдарды әлі де эвакуациялап жатыр - деді тұрғындардың бірі Азаттыққа.

Президенттің баспасөз қызметі кейінірек "жағдай бақылауда, алаңдауға негіз жоқ" деп хабарлады.

Сыйымдылығы 922 млн текше метр болатын Сардоба су қоймасы 2017 жылы салынған. Су қоймасының биіктігі - 28,8 метр. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, су қоймасын салу туралы бастаманы сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзияев көтерген.


Өзгелердің жаңалығы