"Өткенде Бишімбаев, бүгін Дәкебаев". Депутат қылмыскерлерді қатаң жазалауды сұрады

31 Қаңтар 2024, 14:50
1024
Бөлісу:
"Өткенде Бишімбаев, бүгін Дәкебаев". Депутат қылмыскерлерді қатаң жазалауды сұрады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкіметке жедел жәрдем жүргізушісін ұрған азаматты дереу тауып, оны қатаң жазалауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өкінішке қарай, соңғы кезде заңды белден басып, ойына келгенін істейтін бетімен кеткендер көбейді. Күні кеше Қарағандыда болған оқиға – соның айқын дәлелі. Айдың күннің аманында өз қызметін адал атқарып жүрген жедел жәрдем жүргізушісін қанжоса етіп соққыға жығу – барып тұрған бассыздық. Құқықбұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық, не істей аласың деген дөңайбат, - деді депутат.

Бейсенбаевтың айтуынша, өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жыймай жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік.

Бір жасар сәбиге көмекке келген медицина қызметкерлерін, ашықтан-ашық, куәгерлердің көзінше ұрып-соғу не деген сұмдық? Арнайы қызмет өкіліне істеп отырғаны мынау болса, мұндайлар қарапайым адамдарды қырып тастаудан тайынбас. Осындай оқиғалар елімізде жетерлік. Осы күнге дейін Депутаттық корпус бірнеше рет медицина жүйесінің қызметкерлерін қорғау үшін арнайы статус бекітуді ұсынса да, Үкімет әлі күнге дейін шешім қабылдамады, - деп айтты ол.

Елнұр Бейсенбаев адам өмірін сақтау үшін арпалысатын ақ халатты жандарды арнайы қызмет көрсетуші өкіл ретінде заңмен қорғауымыз керек екенін айтты.

Бұл бір ғана оқиға емес. Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жығудың қандай қайғылы жағдайға соқтырғанына бәріміз куә болдық. Бұл жария болғандары ғана. Жабулы қазан жабулы күйінде қалғандары қаншама. Сондықтан мұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайды. Өткенде Бишімбаев, бүгін Дәкебаев, ертең кім болады сонда?! Бұл жағдай нені көрсетіп отыр? Ең алдымен, тиісті органдардың өз жұмысына салғырт қарап, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастырмағанын көрсетеді, - деп айтты ол.

Мәжіліс депутатының сөзінше, көпшілік қарапайым ғана құқықтық қағидаларды білмейтінін байқатады. Олар өз құқығын былай қойғанда, заң алдындағы міндеттері мен жауапкершілігінен де хабарсыз. Заң мен тәртіп бәріне бірдей қағидатын ұстану әрбіріміздің міндетіміз.

Ұлттық құндылықтардан ада, әдеп пен ар-ұятты артта қалушылық деп санайтын, адамшылыққа жат ойлармен санасы уланған азаматтар қалыптасып келеді. Бұл ешқандай жақсылыққа апармайды. Салдарын көріп отырмыз. Біз заң мен тәртіп үстемдік ететін, әрбір азаматтың құқығы қорғалған, өз өмірі мен денсаулығына қауіптенбейтін әділетті Қазақстанды қалаймыз және оны құрамыз. Президентіміз айтқандай: «Бізде заң мен тәртіпбұзушылыққа төзбейтін жағдай қалыптасуы керек», - деді Елнұр Бейсенбаев Мәжілісте.

Депутат мынадай ұсыныстар жасады:

1. Құқық қорғау органдары қылмыс жасаған Дәкебаевты тез арада табуы тиіс.

2. Нұрболат Дәкебаевтың сотын ашық жүргізіп, қатаң жаза тағайындау және оның барысы мен қорытындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты түгел хабардар ету.

3. Соңғы уақыттары адамның жеке басына қауіп төндіретін, тіпті оның өмірін қиятын қылмыстар қоғамдық сипат алуда. Сондықтан, тезарада кез келген қылмыстарға қоғамды мүлдем төзбеушілік мәдениетін жаппай қалыптастыруымыз қажет.

Өзгелердің жаңалығы