Ирандағы ұшақ апаты: Украина тарапы төлейтін өтемақы сомасы белгілі болды

12 Қаңтар 2020, 11:27
12159
Бөлісу:
Ирандағы ұшақ апаты: Украина тарапы төлейтін өтемақы сомасы белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Украинаның министрлер кабинеті Ирандағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына көмек ретінде 200 мың гривеннен (3 157 855 теңгеден) төлейді.

Бұл туралы мемлекеттің премьер-министрі Алексей Гончарук Украина халқына жасаған үндеуінде айтты. 

Үкімет Ирандағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 200 мың гривеннен төлейді, сонымен қатар Монреаль конвенциясына сәйкес сақтандыру төлемдерінің дұрыс жасалуын қадағалайды... Украинаның халықаралық әуежолдары (МАУ) компаниясы ұжымдық келісімшартқа сәйкес экипаж мүшелерінің отбасыларына өтемақы төлейтін болады, - деді Үкімет басшысы.
 2457093.jpg

Ол мемлекет тарапынан заң және қаржылай тұрғысынан жан-жақты көмек пен қолдау көрсетілетініне сендірді.

Гончаруктің айтуынша, украиндық дипломаттар Иран тарапынан да өтемақының төленуін қадағалап жатыр.

Айта кетейік, 8 қаңтар күні Тегераннан Киевке бет алған Украина халықаралық авиациясына тиесілі PS752 рейсі көкке көтерілісімен екі минут өткенде апатқа ұшыраған болатын. Өкінішке қарай, апат салдарынан бортта болған 176 адамның ешқайсысы тірі қалмады.

Бұған дейін, Иран әуежайы Тегеран маңындағы украиналық ұшақ апатының себебін түсіндірді. Олар Тегерандағы жолаушылар ұшағының құлауына қозғалтқыштан шыққан өрт себеп болғанын мәлімдеді. Алайда, 11 қаңтар күні Иран Украина ұшағын байқаусызда атып құлатқанын мойындады.


Өзгелердің жаңалығы