Отбасындағы проблеманы учаскелік полиция емес, психолог шешеді. Блогер заң тетіктерін сынады

4 Ақпан 2021, 12:44
1976
Бөлісу:
Отбасындағы проблеманы учаскелік полиция емес, психолог шешеді. Блогер заң тетіктерін сынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тақырыбында өткен «AntikorLive» жобасында блогер Әли-Әскер Байғожин айтты. 

Мен көбінесе заң емес, тетіктерге көп назар аударамын. Заң бар, бірақ оны орындау тетіктері жоқ. Оған кезеңмен келіп жатамыз. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша алатын болсақ. Егер әйеліңді ұрсаң, есепке тұруың керек. Учаскелік полиция саған келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мен онымен келіспеймін. Себебі учаскелік полиция отбасындағы мәселені шеше алмайды, оны психолог шешеді. Осындай тетіктер дұрыс емес деп ойлаймын, - деді блогер.

Оның айтуынша, әрбір заңды шығарар алдында оның тетіктерін де ойластыру керек. 

Учаскелік полицияға «проблеманы шеш» дейді. Оны қалай шешеді? «Күйеуіне әйеліңді ұрма» деп жеке мәселелеріне  араласпайды ғой. Бұл жерде арадағы мәселені шешу үшін психологтің көмегі қажет, - деді ол. 

Әли-Әскер Байғожин бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет істегенін айтты. Кейін жұмыстан кетіп, блогерлекке бет бұрған екен. 

Халық көп нәрсені білмейді. Сол білмегендіктен, мемлекеттік қызмет туралы көп негатив пікірлер жазады. Халықтың арасында насихатты дұрыс жүргізу керек. Мен де вайндар арқылы жемқорлыққа қарсы күресті насихаттауға тырысып жүрмін, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы