Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселеcі қаралды

17 Ақпан 2025, 17:33
366
Бөлісу:
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселеcі қаралды
Фото: Жамбыл облысының прокуратурасы

Жамбыл облысының прокуратурасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру мәселеcін қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» жолдауында балалар мен әйелдерді қорғауды қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді.

Атап айтқанда, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жаза күшейтілді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жоғарыда аталған санаттағы адамдарға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мәселелері жөніндегі заң күшіне енді.

2024 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы жазаның қатаңдауымен байланысты облыс бойынша 162 (2023ж. - 47) қылмыс тіркеліп, өсім 244,7% құрады.

Аталған факторлар өңірде «Қауіпсіз өңір» тұжырымдамасын іске асырудың себептерінің бірі болып, концепция шеңберінде проблемалық мәселелер (оның ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды) белгіленіп, әрбір аудан мәслихаттары полиция органдары мен ЖАО үшін профилактиканың нысаналы индикаторларын бекітті.

Қызметті үйлестіру мемлекеттік және құқық қорғау органдары басшыларының есептерін тыңдау арқылы жүзеге асырылады.

Осыған орай облыс прокуратурасы ведомствоаралық кеңесте отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігі, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасы мәселесін қарады.

Талдау нәтижелері көрсеткендей, құқық бұзушылықтардың жиі кездесетін мотивтері: жеке дұшпандық, бұзақылық, қызғаныш және араздастыққа әкелетін маскүнемдік.

Масаң күйде жасалған қылмыстардың көпшілігі түнде орын алған. Бұған алкоголь өнімдерін заңсыз сатуы ықпал етеді.

Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты күшейте отырып, заңсыз спирттік ішімдіктерді сатудың анықталуын 116,4% (225-тен 487-ге дейін) ұлғайтылды.

Айта кететін мәселе, облыс прокуратурасының бастамасы бойынша супермаркеттер желісімен тәуліктің тыйым салынған уақытында алкоголь өнімдерін сатуды тоқтата тұру жөнінде меморандум жасалды.

Сонымен қатар, облыс әкімдігі мен Полиция департаментіне агрессорлармен және отбасылық бұзақылармен психокоррекциялық жұмысты күшейту, сондай-ақ уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының желісін кеңейту ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы