«Отбасы банк» салымшыларына 50 млрд теңгеден астам сыйлықақы берілді

15 Ақпан 2021, 16:18
3035
Бөлісу:
«Отбасы банк» салымшыларына 50 млрд теңгеден астам сыйлықақы берілді

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Отбасы банк» АҚ-ның («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) 1 490 800 салымшысы мемлекеттен жалпы сомасы 50 млрд теңгеден астам сыйлықақыға қол жеткізді.

111 120 теңге көлеміндегі ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақыны банктің 317 756 клиенті алды. 

Бұл салымшылар 2020 жылы шоттарына кемінде 555 600 теңге, яғни 200 айлық есептік көрсеткішке тең қаражат жинаған. 

Депозитіне одан да жоғары қаражат сомасын аударған клиенттер сыйлықақы төленбеген жинақ сомасы бойынша 20 пайыздық мемлекеттік бонусты 2021 жылдың нәтижесі бойынша алады.

«Отбасы банк» – салымшылары мемлекеттік сыйлықақы алатын Қазақстандағы жалғыз банк. Жыл сайын бұл сыйлықақының көлемі артып келеді. Мысалы банк жұмысын бастаған алғашқы жылы оның көлемі 10 464 теңге болса, 13 жыл бұрын, 2008 жылы 46 720 теңгеге дейін жетті. Ал 2020 жылдың қорытындысы бойынша банк клиенттері 111 120 теңге көлемінде ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақы алды. Тағы бір маңызды дүние бар! Банк сыйақысы мен мемлекеттік сыйлықақыны қоса алғанда, «Отбасы банк» депозиттері жылдық мөлшерлемесі 14%-ға дейін баратын жоғары табыстылық көрсетіп отыр, - деп атап өтті «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. 

Осы жылдың қорытындысы бойынша 116 680 теңге көлеміндегі ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақыны алу үшін банк салымшыларына шоттарына кемінде 583 400 теңге (200 АЕК) жинаулары қажет. Ол үшін банк салымшыларына ай сайын орта есеппен 49 000 теңге аударып отырған абзал.

Ал «Отбасы банк» клиенті көбірек қаражат сомасын жинап, депозит табыстылығын арттырамын десе, отбасы мүшелерінің атына бірнеше депозит ашып, оларға қаражатты теңдей бөліп, салып отыра алады. 

Бұл жағдайда мемлекет сыйлықақысы ашылған әр шот бойынша төленеді. 

Ал тұрғын үй заемын алуға қажетті сома жиналған кезде, шоттарды біріктіріп, баспана сатып алуға болады. 

Бұл опцияны «Отбасы банкінде» «Отбасылық пакет» деп атайды.


 

 

Өзгелердің жаңалығы