Отандық жүк тасымалдаушылар үшін бірыңғай тариф белгіленеді

29 Наурыз 2022, 11:44
1212
Бөлісу:
Отандық жүк тасымалдаушылар үшін бірыңғай тариф белгіленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов хабарлады. 

Оның айтуынша, геосаяси және экономикалық жағдай ушығып тұрған қазіргі кезеңде Еуропаға бағытталған транзит көлемі мен жүк тасымалын азайтып алмау үшін тез арада балама маршруттар ашу ісі қолға алынды.

Қазіргі кезде жүктерді Әзірбайжан мен Грузия арқылы өтетін Транскаспий халықаралық трансшекаралық бағыты мен ТРАСЕКА арқылы жіберу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Бұл отандық жүк тасымалдаушылар үшін бірыңғай тарифтерді белгілеуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар ол қандай ведомствоға тапсырма бергеніне тоқталды. 

Индустрия министрлігіне «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірге Транскаспий халықаралық трансшекаралық бағытының тұрақты жұмысын және қазақстандық бизнес-қауымдастық үшін бәсекеге қабілетті, бірыңғай тарифтің қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді Премьер-министр. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Әлихан Смайылов елімізді қуатты транзиттік хабқа айналдырудың мүмкіндігі зор екендігі туралы айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы