Ертіс өңірінде отандық өндірісті қолдаудың жедел экономикалық шаралар жоспары әзірленуде

19 Наурыз 2020, 17:44
1605
Бөлісу:
Ертіс өңірінде отандық өндірісті қолдаудың жедел экономикалық шаралар жоспары әзірленуде
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде кәсіпкерлік және отандық өндірісті қолдау мақсатында жедел экономикалық шаралар жоспары әзірленуде. Жергілікті билік төтенше жағдай кезінде шағын және орта бизнесті барынша қолдауға дайын.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылы өткен кезеңмен салыстырғанда, шағын және орта бизнес нысандарының саны 1,6%-ға көбейген. Қазіргі уақытта субъектілерде 45 мыңға жуық адам еңбек етеді. 

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметовтың айтуынша, бүгінгі күні ел Үкіметінің жаңа бастамаларын жүзеге асыру арқылы кәсіпкерлік саласында оң серпіліс байқалуы керек. 

Негізгі міндеттердің бірі - мемлекеттік бағдарламаларды табысты жүзеге асыру. Осы жылы "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша несие көлемі 1 млрд теңгеге артып, мерзімі 5 жылға ұзартылғаны белгілі. Ал "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында берілетін несиелер 10 млрд теңгеге жетпек. Осы бағдарлама шеңберінде аймақты 82 кәсіпорынның жобалары қолдау тапты. Жобаларды іске асыруға 16,7 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, әлеуетті 59 жобаның тізімі жасақталды. Оларды қолдауға 22 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, - дейді Сәкен Шаяхметов. 

Айта кетейік, қолдау көретін жобалардың көбі мал шаруашылығы және агроөнеркәсіп салаларын дамытуға бағытталған. "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында жыл соңына дейін жалпы сомасы 13 млрд теңге болатын сегіз жоба іске асырылады. Нәтижесінде жаңа 200 жұмыс орны құралады.

Өзгелердің жаңалығы