«Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры мен Tolqyn Film Fund ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат кино өндірісі мен креативті индустриялар саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Тараптар отандық жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және халықаралық нарыққа шығуына қолдау көрсетуге ниетті. Сонымен қатар меморандум аясында жұмыс топтары мен сараптамалық комиссиялар құру, салалық форумдар, конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланған.
Ынтымақтастық шеңберінде кино өндірісі, creative-tech, цифрлық контент, медиа және инвестициялық жобалар саласындағы бастамаларға қолдау көрсетіледі. Бұл қазақстандық креативті жобаларды халықаралық деңгейде танытуға және жаңа серіктестіктер орнатуға мүмкіндік береді.
Қор бұған дейін MOST Holding венчурлік қорымен де меморандумға қол қойған болатын. Тараптар бірлескен білім беру және акселерациялық бағдарламаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
Биыл Қор ұлттық қолөнер мен бейнелеу өнерін дамытуға бағытталған «Халық қолөнері және бейнелеу өнері мектебі» жобасын қолға алды. Жобаға қатысу үшін 330 өтінім түсіп, оның 271-і мақұлданған. Қатысушылар ұлттық киім, зергерлік өнер, керамика, ағаш және тері өңдеу, музыкалық аспап жасау секілді бағыттар бойынша өз жұмыстарын ұсынды.
Алдағы уақытта Қор өңірлердегі шығармашылық бастамаларды қолдауға арналған Creative Aimaq апталық фестивалін өткізуді жоспарлап отыр.