Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Фестивальге Ресей, Қазақстан, Норвегия, Дания, Италия, Финляндия, Исландия, Литва, Беларусь, Татарстан, Башқұртстан және т.б. елдерден 2000-нан астам өнерпаз қатысты.
Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының оркестрі биылғы жылдың 6-7 наурызында Стокгольм қаласында (Швеция Корольдігі) Online өткізілген I халықаралық көпжанрлы орындаушылық өнер және көркем шығармашылық «AURORA» конкурс-фестиваліне қатысты.
Нәтижесінде Гран-при жоғары атағына (Балбырауын, Қыс) және бірінші дәрежелі Лауреат атағына (Billie jean, Puttin' on the ritz) ие болды, - делінген ақпаратта.
Фестиваль жақын және алыс елдермен мәдени байланыстарын дамыту және нығайту, мәдени алмасуды жандандыру, шығармашылық атмосфера құру, фестиваль қатысушыларының онлайн-форматта сөйлесуі, шығармашылық жұмыс арқылы ұжым басшыларының кәсіби деңгейін арттыруға бағытталды.
Сонымен қатар қашықтықтан оқыту форматында тәжірибе алмасу, музыкалық продюсерлерді, концерттер мен фестивальдерді ұйымдастырушыларды, ұжымдармен одан әрі байланыс орнату, онлайн-форматта өзара әрекеттесу, тәжірибе алмасу үшін жағдай жасау және т.б. мақсаттарда өткізілді.