Отандық фильмдер Испаниядағы фестивальде жүлдегер атанды

25 Қараша 2019, 14:15
2744
Бөлісу:
Отандық фильмдер Испаниядағы фестивальде жүлдегер атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  "Қазақфильм" киностудиясының президенті Арман Әсенов Испанияның Барселона қаласында өткен Asian Film Festival кинофестивалінде отандық "Қыз бен теңіз" туындысы "Үздік фильм" жүлдесімен марапатталғанын мәлімдеді.


Сондай-ақ осы фестивальге қатысқан "Әруақ" картинасы да "Ерекше" бағдарламасында "Үздік сценарий" жүлдесіне қол жеткізді. Бұл туындыларды ҚР мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ түсірген.

"Қыз бен теңіз" фильмінде БЦП-мен ауыратын Әсел есімді бойжеткеннің өмірі баяндалады. Оның бар арманы – махаббатын кездестіріп, отбасын құру.  Әсел барлық қиындықтарға төтеп беріп, жақсылықтан үміт үзбейді.

Бұл кинотуынды биыл Лондонда өткен Romford film festival фестивалінде "Үздік әйел адамның рөлі" (Динара Шарипова) жүлдесімен, Башқортостада өткен IV "Қүміс Акбозат" фестивалінде "Әлеуметтік және мотивациялық кино" номинациясы бойынша қоғам қайраткері Каринэ Хабированың арнайы жүлдесімен және Башқортостан Республикасы отбасы және еңбек министрлігі атынан "Армандардың орындалуы" арнайы сыйлығымен (актер Тахир Умаровқа табысталды) марапатталған болатын.

Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған испаниялық фестивальде Азиядағы 25 елдің 100-ге жуық фильмдері көрсетілді.
 

Өзгелердің жаңалығы