«Отандастар» қоры шетелдегі қазақтарды қолдау бағдарламасын ұсынды

3 Маусым 2019, 18:58
5920
Бөлісу:
«Отандастар» қоры шетелдегі қазақтарды қолдау бағдарламасын ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Елордада өткен «Отандастар Қоры» КЕАҚ жанынан құрылған Қоғамдық Комиссияның алғашқы отырысында «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов комиссия мүшелеріне шетелдегі қазақтарды қолдау бағдарламасын таныстырды.

Оқырмандарға түсінікті болу үшін біз бағдарламаны толықтай беруді жөн көрдік.

Бағдарлама:

Бүгінгі күні, шетелдердегі қандастарымыздың жалпы саны, әр-түрлі мәліметтер бойынша, 7-8 миллионды құрайды. Бұл Қазақ ұлтының шашамен 30 пайызы.

Елімізде туу қарқынының бәсеңдеуі және миграциялық процестердің күшейуі байқалады. Осы ретте шеттегі қазақтарды тарихи және этникалық отаны Қазақстанға қоныс аударту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Сондай-ақ, шеттегі қазақтардың ана тілін үйрену және қолдану кеңістігінің тарылуы, дәстүрімізді, мәдениетімізбен этникалық бірегейлігімізді жоғалту және, кейбір сарапшылардың пікірінше, 10-15 жылда толық ассимиляцияға ұшырау қауіп-қатерлері, қандастарымызды жан-жақты қолдауды күшейтуді талап етеді.

▪ «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, өз жұмысын жобалық кеңсе форматында, қандастарымыз үшін қызмет көрсетудің біріңғай операторы ретінде ұйымдастырады.

Біздің мақсатымыз – ұлттық бірегейлікті сақтау, қазақ диаспорасына қатысты мемлекеттік саясатты қалыптастыруға ықпал ету, бүкіл әлем қазақтарын тарихи және этникалық отаны Қазақ Елі төңірегінде біріктіру.

«Отандастар қорының» барлық жобалары Елбасының Дүниежүзі қазақтарының 5-ші құрылтайында берген тапсырмаларының аясында бірнеше бағытқа үйлестірілген. Және әр бағыт бойынша жұмыс штабтары құрылған.

Жобалар бойынша толығырақ тоқтасақ.

1. Диаспоралық саясат бағдарламаларын әзірлеу бағытын «Taldau» штабы үйлестіреді.

Біздің басты міндеттеріміздің бірі - шетелдегі отандастар туралы бұрыннан жинақталған мәліметтерді өзектендіріп, жүйелендіру, қосымша зерттеулер жүргізу.

Нәтижесінде ғылыми тұрғыдан тұжырымдалған еліміздің экономикалық, демографиялық, миграциялық мүмкіндіктері негізінде, мекендеген елдеріндегі кәсіби тіршілік ерекшеліктеріне сәйкес бизнес-модельдеу арқылы қазақ диаспорасы өкілдерін Қазақстан Республикасына көшіру, елге келген репатрианттарды бейімдеу, шет елдердегі қазақтарды қолдау тетіктері бойынша диаспоралық саясат бағдарламаларына ұсыныстар әзірлеу.

Қазіргі таңда, қысқа мерзім ішінде, қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау туралы заң жобасының Тұжырымдама жобасы әзірленіп, уәкілетті органға ұсынылды.

Бұл құжат жобасы толыққанды талқылау үшін Сіздердің электронды пошталарыңызға да жолданатын болады. Осыған орай, өз пікірлеріңізді білдіруді сұраймыз.

Болашақ заңнамада «Қазақ картасын» енгізу көзделген («Поляк картасы», Түркияда «көк карта» сияқты).

Карта шетелдегі бауырларымызға қазақстандық азаматтармен бірдей, сайлау және сайлану құқығынан басқа, Қазақстан аумағында емін-еркін жүріп-тұруына, бизнеспен айналысуына, меншік иесі болуына, заңды түрде жұмысқа тұруына, тегін білім алуына, медициналық қызмет жүйесін қолдануға толық мүмкіндіктер туғызады.

2. Осы жоба ырғағына сәйкес өзіндік жоба «Kómek» штабы айналысатын «Байланыс-орталығы мен қоғамдық қабылдау бөлмелері» жұмысын бастап кетті.

Байланыс-орталығы мен Қоғамдық қабылдаулардың негізгі мақсаты - барлық көмек түрлерін шоғырландыра отырып, елге оралған немесе ораламын деген ағайындарға, ақпараттық, құқықтық консультациялар беру, Қазақстанда орнығу барысындағы бейімдеу, қажет десе, жетекке алып, нақты көмектер көрсету, мәселесін шешу.

Байланыс орталығы, күнделікті тіршіліктегі өміршең және өзекті мәселелер бойынша сарапталған ақпаратты, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру, отандастарға көмек көрсету, шешімдер мен бағдарламалық құжаттарды әзірлеу барысында қолдану үшін уәкілетті органдарға беріп отырады.

Сонымен бірге, елге оралған қандастырымыздың кедергісіз бейімделуін жеңілдететін бірден-бір құрал – ол «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетуді жолға қою.

Қазіргі уақытта этникалық репатрианттарға қатысты тіркеу, орналасу, әлеуметтік төлемдерді алу, бейімдеу орталықтарында тұру, ықтияр хат және азаматтық алу мәселелері келесі үш мемлекеттік органмен жүргізіледі, олар:

1.  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті;

2. Ішкі істер министрлігінің Миграциялық қызметі комитеті ;

3. Әкімдіктерге қарасты Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары.

Бұндай жағдай белгілі қиындықтар туғызады және оны төмендегі жайттар ұшқырлата түседі:

мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының келіспеушілігі және шектен тыс бюрократиялануы;

сұралатын анықтамалардың көптігі, репатрианттарға қатысты нотариалдық әрекеттердің реттелмеуі және т.б.

Осы ретте, бюрократиялық кедергілерді барынша қысқарту мақсатында «Отандастар қоры» мемлекеттік органдардың, негізінен төлқұжат және тіркеуге қатысты, көрсететін қызметтерін «бір терезе» қағидасымен автоматтандыруды және оңтайландыруды ұсынды.

Нәтижесінде, елге келген отандастар ХҚКО-ға азғана құжаттарды қосымша тізіммен бір рет өтініш беру арқылы бір жерден жауап ала алады.

Қазір құзырлы органдамен талқылау жұмыстары басталды.

Бұдан бөлек, «Отандастар қоры» Қоғамының ресми веб-сайты іске қосылды. Біздің қызметіміздің барлық бағыттары, Қоғамның құрылымы, Байланыс орталығы туралы және басқа да ақпараттарды сайтымыздан алуға болады.

3. Диаспоралық саясаттың ашықтығын, бұқаралық талқылауды, қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында «Kenes» штабы арқылы «Отандастар» диалогтық алаңдары құрылуда.

Оның бір көрінісі бүгінгі Қоғамдық комиссия отырысы. Сіздердің шеттегі ағайынның тағдырына деген ыстық пейілдеріңіз, олардың мәселелерін өзектендіру мен шешілуіне ықпал ету белсенділіктеріңіз «Отандастар қоры» жұмысының табысты болуына елеулі үлес қосады деп сенеміз.

Бұдан бөлек құрамына белгілі ғалымдар енген, диаспоралық саясаттың мәселелерін шешу бойынша ғылыми-сараптамалық ұсынымдар енгізу міндеттерін орындайтын «Ғылыми-сараптамалық кеңес» және шетелдегі қазақ жастарын біріктіріп, республикалық денгейде жастар пікірлерін талқылау және олардың шешім қабылдау барысында ескерілуін қамтамасыз ету үшін жастардың – «Jas Qazaq» Клубы құрылады.

4-5. Маңызды бағыттарымыз - ол «Bilim» штабы үйлестіретін білім саласын және қазақ мәдениетін ілгерілетуге бағытталған – «Mádeniet» штабтарының жұмысы.

Жоғарыда атап өткенімдей – шеттегі қазақтар үшін, әсіресе жас буынға, тіл, дәстүрімізді үйрену өте өзекті болып табылады.

Сондықтан, шетелдік бауырларға қазақ тілін үйретуде білім беру инфрақұрылымын құру маңызды, яғни:

- қашықтықтан үйретуге негізделген интерактивтік сыныптар ашу;

- тіл үйретуге арналған мобильді қосымшалар жасау;

- шетелдегі мәдени орталықтармен ынтымақтастық құру;

- қазақстандық оқу орындарымен бірлесіп қазақ тілі мұғалімдеріне арналған интернет платформа құру;

- этникалық қазақтарді қазақ тілін үйретуге арналған оқыту-методологиялық құралдарын әзірлеу;

- гуманитарлық бағыттағы оқу материалдарын жасау;

- диаспоралар ішінен қазақ тілі мұғалімдеріне арнайы дайындық курстарын ұйымдастыру;

- қазақ жастарын қазақстандық оқу орындарында оқуға үгіттеу іспеттес жұмыстар.

Ұлт болашағының сарқылмас алтын қазынасы балалар. Оларға ерекше көңіл беріледі. Нақты жобалар қатарында:

- қазақ диаспорасы өкілдерінің балаларына арналған ҚР-да білім беру-танымдық турлар;

- НЗМ және «Білім инновация» базасында – қазақ халқының тарихы және дәстүрлерін міндетті түрде қамтыған бірлескен 2-апталық мәдени бағдарлама (100 баладан астам);

- «Туған жерге саяхат» - киелі жерлерге саяхат (60 орынға квота);

- «Зерен-2019» республикалық білім беру жастар лагері (100 орын);

- «Балдаурен» жазғы лагері (300 бірлікке дейін квотаны өсіру) – Бурабай, Қапшағай және Түркістан қалаларында республикалық оқыту-сауықтыру орталықтарының базасында қазақ диаспорасы мен жергілікті балаларға арналған бірлескен демалыс ұйымдастыру.

Бір үлкен, қордаланған проблемалар селін қозғалтатын іргелі жобамыз - шетелдегі қазақтар үшін«Qazaq Yui» Қазақтың ұлыттық мәдени-іскер үйлер желісінде «Абай» мәдени орталықтары мен «Атамекен» іскерлік үйлерін ашу.

Шеттегі қандастарымыздың көздерінде өшіп бара жатқан ұлттық ұшқын отын жандыратын, рухын тірілтуде, еңсесін көтеруде, жүректеріне ата мекенім Қазақ Елі бар деген сенімді ұялататын дүние – ол рухани-мәдени шаралар.

Шетелдерге отандастарымыздың қазақ ұлтының қадір-қасиетін, салт-дәстүрін өскелең ұрпақтарының бойына сіңіруге деген ынтасы жоғары.

Осы ретте, барлық мәдени шаралар, сондай-ақ қазақ диаспорасын гуманитарлық бағыттағы әдебиеттермен, оқулықтармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету аталған орталықтар арқылы іске асатын болады.

6. Қордың «Бизнес және инновацияларды дамыту» бағыты «Saýda» штабы арқылы қазақ диаспорасы мен қазақстандық бизнес өкілдерінің іскерлік байланыстарын орнатуға және нығайтуға ықпал етеді.

Осы ретте жоспарланған жұмыстар:

1) «Отандастар» бизнес инкубаторын, бірінші кезекте, ұлттық нақыштағы өнім өндірушілерді қолдау мақсатымен құру(заманауи және дәстүрлі қиім-кешек, кәдесыйлар, азық-түлік және т.б.);

2) шетелдегі қандастарымыз арасынан дарынды азаматтармен бизнес-идеяларды іздеу, олардың инновациялық және инвестициялық жобаларына қолдау көрсету;

3) шетелдерде «Атамекен» қазақ іскерлік үйі» іскерлік орталықтар желісінне негізінде «Самрұқ Қазына», «Қазақ туризм», «Қазақ инвест», «Атамекен» палатасы сияқты институттардың мүдделерін орнату.

Болашақта «Атамекен» бизнес-үйі Қазақстанда сатылатын отандық тауарларды және отандастарымыздың бизнес-бастамаларын қолдайтын, халықтық дипломатия қағидасымен қазақтар арқылы бизнес идеяларды шет елдерде тікелей ілгерілетуші құралға айналуы тиіс.

Сонымен бірге, атқарылатын жұмыстар қатарында:

- қазақтардың бірыңғай ақпараттық интернет-қауымдастығын құру;

- жергілікті атқару органдарымен (ЖАО) жұмыс - шекаралық ынтымақтастықтың әлеуетін қосу, туысқандық (побратимство) әлеуетін пайдалану;

- ҚР СІМ бағыты бойынша жұмыстар бойынша өзара әрекеттесу;

- Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы айналасында әлемдегі қазақ диаспораларының бірыңғай құрылымдық жүйесін құру. Ол дегеніміз:

1) диаспоралар мекендеген елдерде шатырлық ұйымдастыру-құқықтық құрылымы аясында біріктіру;

2) ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдер қабылдау арқылы диаспора мекемелері, ДҚҚ-Қор қатынастарын рәсімдеу;

3) ҚР ішінде филиалдық жүйе құру және қауымдастық мүшелерінің санын арттыру.

Біздің пікірімізше, аталған жобаларды іске асыру мемлекеттік диаспоралды саясатты жаңа сапалық деңгейде іске асыруға негіз болады.

Жалпы атқарылатын жұмыстар күрделі. Мемлекет басшылығы тарапынан қолдау бар.

Біздің құрылтайшыларымыз – Ақпарат және қоғамдық даму және Сыртқы істер министріліктері толық қолдау көрсетіп отыр.

Еліміздегі диаспоралды саясат саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия құру ұсынылды. Диаспоралды саясат мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қызметіне вице-премьер денгейіде төрағалық етеді деп жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы